Қазақстаннан келген 75 қолөнерші Зайед шейхінің мәдени мұрасы фестиваліне қатысуда

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы- Әбу-Даби қаласында елдің негізін қалаушы Зайед шейхтің мәдени мұрасы фестивалі ашылды.
None
None

2009 жылдан бері жылына бір рет өтіп келе жатқан шараның мақсаты - әртүрлі елдердің арасында мәдени ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ БАӘ тұрғындарын әртүрлі халықтың ұлттық-мәдени құндылықтарымен таныстыру. Фестиваль БАӘ мемлекеті құрылған 2 желтоқсан - Ұлттық мерекесін тойлау аясында ұйымдастырылып отыр.

Қолөнершілердің фестивалі биыл 19 қараша мен 12 желтоқсан аралығында өтеді. Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігі шейх Халифа бен Заид атындағы Қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, 75 қолөнер шеберінің қатысуын ұйымдастырған. Сонымен қатар, «Нұр» халық билерінің ансамблі мен ұлттық тамақ дайындайтын аспаздар да фестивальде жүр.

«БАӘ авторадиосы» атты орыс тілді радиоға сұхбат берген ҚР-ның Әмірліктердегі елшілігінің мәдени істер жөніндегі атташесі Ибрагим Акушев былтыр фестивальге 450 мың адам келгенін хабарлаған. Оның айтуынша, мәдени фестивальге биыл одан да көп адам келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ол Қазақстан павильоны мазмұны мен әдемілігі бойынша ең танымал павильондардың бірі екенін атап өткен.

Жалпы, фестивальге Бахрейн, Марокко, Сауд Арабиясы, Оман, Мысыр, Ауғанстан мен Босния елдерінің өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар