Қазақстаннан мұнай өнімдерін шығаруға тыйым саламыз - Қанат Бозымбаев
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 154,8 теңгені құрайды. Ал, Ресейде аталған өнім - 230,5 теңге, Өзбекстанда - 273 теңге, Қырғызстанда 234 теңгені тұрады. Сол сияқты бізде дизельді отынның бір литрі орта есеппен 193,2 теңгені құраса, Өзбекстанда 208 теңге, Ресейде - 246,5 теңге, Қырғызстанда - 250,8 теңгеге дейін барады.
"Қазақстанда жанармай бағасын көтермеу үшін, сондай-ақ дизель отыны тапшылығы қаупін азайту мақсатында Министрлікпен Еуразиялық экономикалық Одағының нормаларына қайшы келмейтін қолданыстағы заңнама негізінде Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салу үшін шаралар әзірленуде", - деді Қ.Бозымбаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде отандық нарықта мұнай өнімдері бойынша жағдай тұрақты. Жанар-жағармайдың тапшылығы жоқ.
"10 желтоқсандағы жағдай бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы литрі үшін 154,8 теңге, ал дизель отыны литрі үшін 193,2 теңгені құрайды. Сонымен қатар, еліміздегі мұнай базаларында жанар-жағармайдың қоры ішкі нарықтың қажеттілігіне жеткілікті. Аи-92 бензині бойынша - 267,5 мың тонна (30 күнге) және дизель отыны - 143,2 мың тонна (11 күнге)", - деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.