Қазақстаннан Өзбекстанға бензин экспортталмайды — Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — БАҚ-та Қазақстан бензинін Өзбекстанның сатып алып жатқаны жөнінде жалған ақпараттың таралуына байланысты ҚР Энергетика министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

бензин
Фото: pixabay.com

Бүгінгі күні Қазақстаннан Өзбекстанға немесе өзге елдерге бензин экспорты жүзеге асырылмайды. Елде мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салу енгізілген, ал Үкімет заңсыз әкетудің және контрабанданың алдын алу бойынша Жоспарды іске асырып отыр. 

— Жекелеген БАҚ сілтеме жасаған ақпарат биылғы жылдың көктемінде қабылданған бір жолғы және уақытша шараға қатысты. Сәуір–мамыр айларында ел ішіндегі жанармай қоры жағдайында АИ-92 маркалы бензиннің артығын экспорттау туралы нүктелік шешім қабылданды. Мұндай шара халықаралық тәжірибеде стандартты болып табылады және ол қоймаларды оңтайландыруға әрі бюджетке қосымша салық түсімдерін әкелуге мүмкіндік береді, — деп жазды ведомстводан.

Маусым айынан бастап, МӨЗ-дердегі жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық шеңберінде стратегиялық қор жинақтау мақсатында экспорт толық тоқтатылды.

Министрлік мемлекеттік реттеуді алып тастау және экспортқа тыйым салу ішкі нарықты тұрақтандыруға әрі жанармай қорларын айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтеді. Жаздың басына қарай АИ-92 бензині қоры шамамен 70%-ға, дизель отыны қоры 78%-ға артты.

Қазіргі таңда мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарық толық көлемде қамтамасыз етіліп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанда жанармай мен газ өндірісі төмендегенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар