Мәңгі ұмытылмас ерлік. Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы Батырлары

АСТАНА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасты.

соғыс
Фото: Танкшілер Қазақстан жұмысшылары делегаттарымен бірге танкілерді тексеріп жүр. 28.09.1942 ж/Kazinform архиві

Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам Даңқ орденінің толық иегері болды. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.

Бигелдинов Талғат Жақыпбекұлы
Фото: 1945 ж/Kazinform фотоархиві

Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері - Бигелдинов Талғат Жақыпбекұлы. Ол 1942 жылы майданға аттанады. Көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы - Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралған соң, әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады.

Беда Леонид Игнатьевич
Фото: Wikipedia

Беда Леонид Игнатьевич - Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, авиация генерал-лейтенанты, ұшқыш-шабуылдаушы. КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш. 1942 жылдың тамыз айында майданға жіберілді. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 75-гвардияның авиациялық шабуылдаушы полктің эскадрилья командирі 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен жау әскері шоғырланған жерлерді және бекіністерді шабуылдады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары кеңесі төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол полктің (З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия) командирінің орынбасары бола жүріп, 105 әскери тапсырманы орындады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары кеңесі төралқасының жарлығымен Бедаға екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Александр Невский, І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Әскери қызметтегі міндетін орындау кезінде қаза тапты.

Павлов Иван Фомич
Фото: moypolk.ru

Павлов Иван Фомич - қазақстандық ұшқыш, майор, 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры. Соғысқа 1942 жылы желтоқсаннан қатысты. Ұшқыш, аға ұшқыш, звено командирі, авиаэскадрильяның командирі, штурмандар авиаполкінің штурманы болды. Калинин, Орталық, 1-Прибалтика майдандарында 200-ден аса әуе шабуылына қатысып, жеке өзі жаудың 3 ұшағын атып түсірді. Жауынгерлік міндетін атқару үстінде қазаға ұшырады. 2 рет Ленин, 2 мәрте Қызыл Ту, Александр Невский, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен марапатталған. Павлов мүсіні Қостанай қаласында орнатылған.

Луганский Сергей Данилович
Фото: Wikipedia

Луганский Сергей Данилович - қазақстандық ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Луганский 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. 2 рет әуе таранын жасады. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО ҚК-нің әскери әуе күштері саласында әртүрлі жоғары басшылық қызметтерде болды.

Тарихта екінші дүниежүзілік соғыс ретінде қалған бұл бес жылға созылған шайқасқа Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жөнелтілген еді. Еліміздің аумағында жасақталған бұл әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар барынша ерлік көрсетіп, зор құрметке ие болды. Тарихи деректерге жүгінсек, Мәскеу бағытындағы негізгі жолдардың бірі - Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И. Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Панфиловшы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Белгілі орыс жазушысы А. Бектің «Волоколамское шоссе» повесі Б. Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б. Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы ел Президенті Н. Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов
Фото: allib.kz

Сағадат Нұрмағамбетов Краснодар өлкесін, Украина, Молдова, Польшаның қалалары мен ауылдарын азат етуге қатысқан. Ол соғысты Берлинде аяқтады. Оның батальоны Рейх канцеляриясы ғимаратына жасалған шабуылда ерлік көрсетті.

1945 жылы Польша аумағында жау қорғанысын бұзып өту кезінде көрсеткен ерлігі мен батырлығы, қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1992 жылы Сағадат Қожахметұлы егемен Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылы 23 мамырда Президент Жарлығымен Халық қаһарманы атағын алды.

Мәлік Ғабдуллин
Фото: 1943 ж/Kazinform фотоархиві

И. Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан Мәлік Ғабдуллин 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ол жаумен шайқаста олардың басымдығына қарамастан, немістің екі танкін гранатпен жарып, көптеген жау әскерін жойды және 12 жауды тұтқынға алды. Мәлік Ғабдуллин жараланса да, шайқасты тастап кетпеді. Осы ерлігі үшін Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағымен бірге «Ленин» ордені және «Алтын жұлдыз» медалі табыс етілді.

Нұркен Әбдіров
Фото: Wikipedia

Ал Сталинград бағытындағы шайқастарға 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы қатысты. 1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Нұркен Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н. Әбдіров, минометші К. Сыпатаев пен Р. Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін батыр атағына ие болды.

1943 жылдың 5 шілдесінде басталған Курск шайқасы шілденің аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқталды. Курск иіні мен Днепр шайқастарына көптеген қазақтандық әскери құрылым қатысты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Кеңес Одағы Батыры атағына ие болды.

Әлікбай Қосаев
Фото: warheroes.ru

Әлікбай Қосаев – тарихқа 28 панфиловшы батырдың ерлігі ретінде белгілі Дубосеково разъезінде болған шайқасқа қатысқан. 1941 жылы 16 қарашада 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгер жолдастарымен бірге жаудың талай шабуылына тойтарыс берді. Ауыр жараланғанына қарамастан Әлікбай Қосаев қолына гранат алып, неміс танкіне қарай лақтырып, оны жарып жіберіп, өзі де қаза табады. Батырлығы мен көрсеткен ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Зооветеринарлық институттың түлегі Ерденбек Ниетқалиев қызыл әскердің көптеген жауынгерлік операциясына қатысты. Гвардия капитаны Ниетқалиев басшылығымен 2-ші қылышты эскадрильясының жеке құрамы Ратцебур қаласының оңтүстігіндегі стратегиялық маңызды учаскені қорғауда табандылық пен батылдық танытты. Екі күн ішінде атты әскер бөлімшесі 10 қарсы шабуылға тойтарыс беріп, жаудың жүздеген сарбазын жойды. 1945 жылы 2 ақпанда Ерденбек Ниетқалиев ауыр жараланды, бірақ ұрыстан шықпады. Қансырап жатса да ол станок пулеметінің артында тұрып, соңғы демі қалғанша жаудың шабуылдарын тойтаруды жалғастырды. Сұрапыл шайқаста қаза тапқан Ерденбек Ниетқалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Рақымжан Қошқарбаев
Фото: Kazinform

Соғыстың шешуші жеңіс нүктесін қойған Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К. Маденов, ал көше шайқастарында И.Б. Мадин, Рейхстагка ту тігуде Рақымжан Қошқарбаев ерлік танытты. Оған Президент Жарлығымен Халық қаһарманы атағы 1999 жылы қайтыс болғаннан кейін ғана берілді. Жалпы, Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Ерденбек Ниетқалиев
Видеодан алынған кадр

Польша жеріндегі ұрыс қимылдары кезінде пулемет есептобының командирі сержант Иманғали Білтабанов Оппельн қаласының оңтүстігіндегі Одер өзенінен сәтті өтті. 1945 жылы 25 қаңтарда Батыс жағалаудағы Одерфельд ауылының маңындағы жағажайды ұстап тұру үшін болған шайқаста пулеметпен ондаған жау сарбазы мен офицерінің көзін жойды. Осы ұрыста жараланып, контузия алса да ұрыс алаңын тастап кетпеді. 1945 жылы 26 ақпандағы шайқаста ерлікпен қаза тапты. Көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Иманғали Білтабановқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сабыр Рахымов
Фото: Wikipedia

Сабыр Рахымов Түркістан әскери округінде қызмет етіп, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Соғыс жылдарында Кавказда, Беларусьте және Ростов облысында шайқастарға қатысты. 1943 жылы жауынгерлік ерлігі үшін генерал-майор атағын алды. 1945 жылы наурызда Гданьск маңындағы шайқаста қаза тапты. 1965 жылы ерен еңбегі мен көрсеткен ерлігі үшін Сабыр Рахымовқа (қаза тапқан соң) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов Керчь түбегіндегі ұрыста ерлік көрсетті. Осы түбекте 20 десантшы 44 күн бойы бір қадам кейін шегінбепті. Әсіресе, Қайырғали Смағұлов Елтиген елді мекенін азат ету үшін жаудың 20-ға жуық әскерінің көзін жойған. Оған бұл ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының 1943 жылғы 13 қыркүйектегі жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Әлия Молдағұлова
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары – Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті.

Мәншүк Мәметова
Фото: Мәншүк Мәметова мемориалды музейінен

Авиация саласын меңгерген қазақ қызы - Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының батыры М. Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004 жылы Президенттің Жарлығымен Х.Д. Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді

Хиуаз Доспанова
Фото: Е. Амированың жеке мұрағатынан
Қасым Қайсенов
Фото: adebiportal.kz

Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. Тек Украина аумағындағы партизан бірлестіктерінде 1 500 қазақстандық жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста көзсіз ерлік танытты, олардың қатарында Қасым Қайсенов те бар

Жақыпбек Махамбетов
Фото: Wikipedia

Кеңес Одағының батыры Жақыпбек Махамбетов 1943 жылы ақпанда Қызыл Армия қатарына шақырылды. 1943 жылы қазан айында Днепр үшін болған шайқаста пулеметші Махамбетов асқан ерлік үлгісін көрсетті. Ол немістің ірі калибрлі зеңбірегін, бір танкісі мен үш автокөлігін жойып жіберіп, 90-ға тарта жаудың көзін құртты.

Әлиасқар Қожабергенов 1941 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясының 1075-атқыштар полкiнiң құрамында ұрысқa қатысты. Мәскеу түбiндегi Дубосеково разъезiнiң жанында болған кескiлескен шайқаста ол өз жолдастарымен бiрге өшпес ерлік көрсетіп, батырлықпен қаза тапты.

Әлиасқар Қожабергенов
Фото: Wikipedia

Кенжебек Шәкенов 1943 жылы Ташкенттегі пулемет училищесін бітірген соң майданға аттанды. Днепрден өтуде көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Шәкеновке КСРО Жоғары кеңесі төралқасының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1944 жылы наурызда Ашхабадтағы жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілді. Ленин орденімен, көптеген медальмен марапатталған. Соғыстан кейін Тараз қаласындағы құрылыс тресінде қызметте болды.

Соңғы жаңалықтар