Қазақстаннан заңсыз мұнай экспорттаған қылмыстық топтың ісі сотқа жіберілді

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ведомствоаралық жедел тергеу тобы ҚР аумағынан тыста «Oil Blend» мұнай өнімдерінің қоспасы түріндегі мұнайды заңсыз экспорттады деген күдікпен ҚР азаматы А. Қожағалиев, Беларусь Республикасының азаматы С.Кунцевич, Қырғыз Республикасының азаматы Э. Маманов, тағы басқа күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады», - делінген хабарламада.
Айыпталушылардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» деп аталатын 197-бабы, «Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» деп аталатын 264-бабы, тағы басқа да ауыр және ерекше ауыр құқықбұзушылықтар санатына жататын баптар бойынша қаралып жатыр.
Қазіргі кезде А. Қожағалиев, А. Көшкінбаев, Э. Утениязов, С.Кунцевич және Э. Мамановтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары айыптау актісімен және дәлелдемелермен бірге Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қабылданған.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсанында ҚР ҰҚК, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ҚР ІІМ қызметінің ведомствоаралық жедел тергеу тобы Ақтөбе облысының аумағында мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз айналдыруға қатысы бар қылмыстық топ қызметінің жолын кескен болатын.