Қазақстанның 16 облысында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM- 26 қазан, дүйсенбі күні Қазақстанның 16 облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер қатты жел, тұман, көктайғақ, шаңды дауыл және үсік болатынын ескертті, деп хабарлайды Қазгидромет.

Аяз
Фото: Freepik

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның басым бөлігі кең ауқымды антициклонның ықпалында болады. Елдің көп өңірінде күн жауын-шашынсыз болады. Солтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болады. Бірқатар өңірде жел күшейеді.

Алматы облысының шығысы мен таулы аудандарында желдің екпіні секундына 17–22 метрге жетеді. Түнде өңірде ауа температурасы -2…-7 градусқа дейін төмендейді. Облыстың батысы, оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қонаевта түнде -2…-4 градус аяз болып, жоғары өрт қаупі жалғасады. Алматы қаласында да түнде -2…-4 градусқа дейін үсік жүреді. Іле Алатауының тауларында, Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында желдің екпіні секундына 17–22 метрге жетуі мүмкін. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының бірқатар аумағында тұман түседі. Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында желдің екпіні секундына 15–20 метрге, түнде 25 метрге дейін жетеді. Өңірде түнгі аяз -3…-8 градусқа дейін күшейіп, Таразда -6…-8 градус болады. Жетісу облысында Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 23–28 метрге жетуі ықтимал. Түнде облыста -2…-7 градус, орталық бөлігінде -11 градусқа дейін аяз болады. Талдықорғанда ауа температурасы -9…-11 градусқа дейін төмендейді.

Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының кей жерлерінде шаңды дауыл соғады. Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл тұрып, батысында желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігі мен солтүстігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Қызылорда қаласында да шаңды дауыл соғып, желдің екпіні секундына 15 метрге жетеді. Түркістан облысының солтүстігінде шаңды дауыл болады. Өңірдің батысы, солтүстігі, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде облыстың солтүстігі мен батысында, сондай-ақ Түркістан қаласында -1…-3 градус үсік жүреді.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде аздаған жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал.

Бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары немесе төтенше деңгейде сақталады. Ақтөбе облысының шығысында жоғары, батысында, оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі бар. Атырау облысының бүкіл аумағында, соның ішінде Атырау қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Маңғыстау облысының орталық бөлігінде, Қызылорда облысында және Ұлытау облысының батысы мен орталығында, сондай-ақ Жезқазғанда төтенше өрт қаупі жарияланған. Жамбыл облысының солтүстігі, оңтүстігі мен шығысында, Жетісу облысының шығысында да өрт қаупі жоғары. Түркістан облысының солтүстігі, батысы, орталығы мен тау бөктеріндегі аудандарында жоғары өрт қаупі сақталады.

Шымкентте желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде топырақ бетінде -2 градусқа дейін үсік жүреді. Қалада жоғары өрт қаупі бар.

Осыған дейін Павлодарда қараша айы климаттық нормадан 2 градусқа жылы болатыны туралы жаздық.