Қазақстанның 17 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – 30 маусымға Қазақстанның 17 өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-сы хабарлады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар аймағында нөсер жауын, найзағай, бұршақ, екпінді жел және аптап ыстық күтіледі. Кей өңірлерде ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар өрт қаупі жоғары болады.
Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, күшті жел соғады. Жел екпіні секундына 20–25 метрге дейін жетеді.
Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнады. Жекелеген аудандарда бұршақ жауып, шаңды дауыл тұруы мүмкін. Жел екпіні 20–28 м/с дейін күшейеді.
Атырау мен Маңғыстау облыстарында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал. Синоптиктер 2 шілдеге дейін мол жауын-шашын болатынын ескертті.
Қарағанды мен Қызылорда облыстарында жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанып отыр. Жел жылдамдығы секундына 20–23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Абай, Алматы, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында күн қатты ысиды. Ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі. Шығыс Қазақстанда мұндай ыстық 5 шілдеге дейін сақталмақ.
Өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Астанада күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Алматыда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Жел екпіні 15–18 м/с-қа жетіп, ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.
Шымкентте жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні 20 м/с-қа дейін күшейеді.
Осыған дейін жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі күшейтілгені туралы жаздық.