Қазақстанның 19 жастағы футболшысы ҚПЛ-дың ең қымбат ойыншысына айналды

АСТАНА. KAZINFORM — 19 жастағы «Ордабасы» клубы мен Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Жасұлан Әмір Қазақстан Премьер-лигасындағы ең қымбат футболшылар рейтингінде көш бастады. Бұл туралы Transfermarkt порталы ойыншылардың нарықтық құнын жаңартқаннан кейін белгілі болды. 

Қазақстанның 19 жастағы футболшысы ҚПЛ-дың ең қымбат ойыншысына айналды
Фото: Жасұлан Әмірдің желідегі парақшасынан

Жасұлан Әмірдің трансферлік құны 500 мың еуродан 2,5 миллион еуроға дейін өсті. Осылайша, футболшының нарықтық бағасы бір жаңартудың өзінде бес есе артып, 2 миллион еуроға қымбаттады.

Рейтингтің бірінші сатысын ол «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башичпен бөлісті. Босниялық футболшының да трансферлік құны 1 миллион еуроға өсіп, 2,5 миллион еуроға жетті.

Одан кейін «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков пен «Ордабасы» қорғаушысы Ги-Марселен Килама орналасқан. Екеуінің де нарықтық құны 1,2 миллион еуроға бағаланып отыр.

Ал «Астана» сапындағы Мақсат Абраев, «Ордабасы» ойыншысы Давид Абағна, «Қайрат» футболшысы Жоржиньо және «Ақтөбе» өкілі Пабло Альварестің құны 1 миллион еуродан.

Тағы бес футболшының нарықтық бағасы 900 мың еуроны құрады. Олар – «Ордабасы» ойыншылары Елхан Астанов пен Алекса Аманович, «Ақтөбе» сапындағы Артур Шушеначев пен Даниэль Соса, сондай-ақ «Тобыл» футболшысы Виталий Лисакович.

Айта кетейік, осы маусымда шымкенттік «Ордабасы» ҚПЛ чемпионы атанды.