Қазақстанның 3 университетінде ЖИ мамандарын оқыту басталды

АСТАНА. KAZINFORM –  Елімізде 3 жоғары оқу орны жасанды интеллект саласында кадр дайындауды бастады. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова айтып берді. 

Қазақстанның 3 университетінде ЖИ мамандарын оқыту басталды
Фото: freepik.com

− Дүниежүзілік экономикалық форум 2028 жылға дейін кәсіпорындардың 87% жұмысы жасанды интеллектпен толықтырылады немесе ауыстырылады деп болжап отыр. Сондықтан қазір инженерлерді даярлаудың барлық бағдарламасына кәсіби қызметте жасанды интеллектті қолдануды оқытатын пәндер енгізіліп жатыр, − деді Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Президент тапсырмасын орындау үшін шетелдік жетекші университеттермен бірлесіп, 3 университет базасында ЖИ саласында кадр даярлау жұмыстары басталды.

− Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (SeoulTech) бірлесіп, Сәтбаев университеті City University of Hong Kong (CityU) бірлесіп, ал Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Лу Бань шеберханасы базасында жасанды интеллект мамандарын даярлаудың жаңа бағдарламаларын қолға алды, − дейді спикер.

Осыған ұқсас жұмыстар Astana IT University, ХАТУ секілді басқа да оқу орындарында жүргізілуде.

− Мұнда практикаға бағдарлану қағидатын күшейтуге баса мән беріледі. Мысалы, Қызылорда университеті базасындағы SeoulTech ЖИ институтында креативті идеялар құру және бірлесіп жұмыс істеу үшін Wowideas платформасы пайдаланылады. Оқуға қабылданған студенттер бизнес-инкубатордың резиденті ретінде тіркеледі және жергілікті бизнестің сұранысына сәйкес цифрлық шешімдер дайындаумен айналысады, − деп түсіндірді Г. Жарасова.

Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап елімізде ЖОО студенттеріне Coursera платформасының ресурстарына тегін қолжетімділік берілді. Екі жылда 134 мыңға жуық студент 227 мыңнан астам сертификат алды, оның ішінде 4,5 мың студент ЖИ, Машиналық оқыту, Компьютерлік көру, Генеративті ЖИ бағыттарында 225 курсты оқып, 5 мыңнан астам сертификат алған.

Бұған дейін Г. Жарасова Қазақстан ЖОО-ларына инженерлік білім берудің жаңа моделі енгізілетінін айтқан еді. Бүгінде Қазақстанның 54 ЖОО-сында инженерлер оқытылады, онда 103 мыңнан астам студент оқиды.

Сондай-ақ, Қазақстанды Орталық Азияның білім беру хабына айналдыру мақсатында елімізде 16 шетелдік университеттің филиалдары ашылған.

Соңғы жаңалықтар