Былтыр АҚШ-тан қанша Қазақстан азаматы шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының баяндамасына сәйкес өткен жылы Қазақстанның 24 азаматы АҚШ-тан шығарылды. Ал 2023 жылы АҚШ 13 қазақстандықты елден депортациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сондай-ақ Static Foxnews ақпарат агенттігінің мәліметіне сүйенсек, «АҚШ иммиграция және кеден органдарының ұсталғандар тізіміндегі азаматтығы жоқ тұлғалар, елдеріне түпкілікті шығару туралы бұйрықтары бар» деп аталатын құжатқа сәйкес, 2024 жылғы 24 қарашадағы жағдай бойынша 1 445 549 адам тіркелген. Оларды АҚШ аумағынан шығару туралы түпкілікті қаулы шыққан.
Тізімде Гондурас (261,651), Гватемала (253,413), Мексика (252,044) және Сальвадор (203,822) азаматы басым, 369 азамат Қазақстаннан деп көрсетілген.

Депортация туралы бұл ақпарат АҚШ президенті Дональд Трамптың көші-қон саясатының күшеюімен байланысты деген ой туғызды. Осы орайда, бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров түсінік берді.
— Кешеден бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде АҚШ жаңа президентінің саясатына байланысты сол елде заңсыз жүрген мыңдаған мигрант депортацияланады деген ақпарат кеңінен тарап жатыр. Барлығы Fox News-тің хабарламасына жүгініп, жаңалық жасап жатыр. Оған қоса депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 қазақстандық та бар екен-мыс. Ал сол ақпаратты тексеріп қарасақ, Fox News бұл жаңалықты 2024 жылғы 11 желтоқсанда жариялаған, — деді.
Демек, бұл ақпараттың АҚШ-тың көші-қонға қатысты жаңа саясатына еш қатысы жоқ.
— Жалпы алғанда, депортация деген бір мемлекеттен жағымсыз тұлғаны мәжбүрлеп шығару. Мұндай депортациялау әрбір мемлекетте күнде жүзеге асырылып жатқан қалыпты іс-шара. Сондықтан ол туралы заңсыз келген басқа елдің азаматтарын шекарадан өткізбей немесе заңсыз жүрген тұлғаларды депортацияласа, сол елдің билігі елшілік немесе консулдыққа хабарлауға міндетті емес, — дейді Айбек Смадияров.
Kazinform агенттігі депортациялауға жататын 369 Қазақстан азаматының тағдырына қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігіне ресми сауал жолдады.
Еске сала кетсек, Дональд Трамп билікке келе сала АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат беретін миграциялық қосымшаның жұмысын тоқтатты.
Осыған дейін АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан елшілігі шетелде құжатсыз, визасыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасады.
Кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатаңдатылуына байланысты Қазақстан азаматтарының тағдырына қатысты түсінік берді.