Қазақстанның 50 мектебінде буллингке қарсы науқан өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның 8 өңірінде мектептегі оң қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін «ДосболLike» науқаны өткізіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтып берді.
Спикер білім беру ұйымындағы қауіпсіз орта тек техникалық құралдармен ғана шектелмейтінін, баланың эмоционалдық әл-ауқатын да қамтитынын атап өтті.
«Достық, қамқорлық және өзара сыйластық дағдылары арқылы мектепте оң қарым-қатынастарды қалыптастыру үшін «ДосболLike» науқаны өткізіледі. Оның жалғасы еліміздің 8 өңірінің 50 мектебінде «ДосболLike» буллингке қарсы бағдарламасын пилоттау болмақ. Аталған бағдарлама білім алушылардың жанжалдарға сындарлы әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға, балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға, тұлғааралық және топаралық қатынастарды оңтайландыруға, балалардың субъективті әл-ауқаты деңгейін арттыруға бағытталған», - деді Н. Оспанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бағдарлама биылғы наурыз айында пилоттық режимде басталады, содан кейін бүкіл ел аумағына кеңейту жоспарлануда.
Сондай-ақ, Президент тапсырмалары аясында Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктері «Менің бауырым» волонтерлік жобасын бастады. Бұл жобада балалар дұрыс қарым-қатынас орнатуды, әртүрлі жағдайларды шешу үшін достық тілін табысуды үйренеді.