Қазақстан АЭХА-ның Қиыр Шығыс өңірлік тобына қосылды - СІМ
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Сыртқы істер министрлігі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Басқарушылар кеңесінің бүгінгі отырысында Қазақстанды Қиыр Шығыс өңірлік тобына қабылдау жөнінде жарияланған шешімді құптады.
Министрліктің мәліметінше, бұл қадам АЭХА Жарғысына және еліміздің бастамасымен 2023 жылғы 29 қыркүйекте қабылданған GC(67)/RES/15 қарарына сәйкес агенттік шеңберінде мүше мемлекеттердің егемендік теңдігін қалпына келтірудегі маңызды кезең болып саналады.
- Бұл шешім Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қарусыздану мен таратпау режимін қолдауға деген тұрақты ұстанымын тағы бір мәрте растайды, - делінген құжатта.
Министрлік мүше мемлекеттердің АЭХА-дағы егемендік теңдікті қалпына келтіру жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, Қиыр Шығыс тобына қатысушы елдерге көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін ризашылығын білдірген.
- Қазақстанның жаңа мәртебесі елімізге АЭХА басқарушы органдарының жұмысына толыққанды қатысуға мүмкіндік береді, - деп қосқан ведомство.
СІМ атап өткендей, Қазақстан жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем қалыптастыруға бағытталған халықаралық күш-жігердің белсенді қатысушысы ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық технологияларды жауапкершілікпен қолдану және ашықтық тетіктерін нығайту ісіне өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын.
Айта кетейік, АЭХА Қазақстанға атом электр станциясын салудың барлық кезеңінде қолдау көрсетпек.