Қазақстанның аграрлық әлеуетін толық іске асыруға атсалысуға мүдделіміз – Нидерланд Елшісі

АСТАНА. KAZINFORM – Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерс екі елдің арасындағы агроөнеркәсіп байланыстары қалай дамып жатқанын айтты.

Нико Схермерс
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Өзім оқыған соңғы зерттеудің дерегіне сүйенсек, Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығына 25 пайыз үлес қосатындай әлеуеті бар. Нидерланд осы әлеуеттің іске асуына атсалысқысы келеді. Нидерланд технологиялары Қазақстанда салауатты азық-түлік өндірісін дамытуға қолданылғанына мүдделіміз. Қолымызда бар білімді, технологияларды бөлісуге әзірміз. Ол үшін екі жақтың сарапшылары тығыз байланыс орнату керек. Қазақстан өз аймағын ғана сапалы азық-түлікпен қамтып қоймай, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қоса алады, - деді ол Астанадағы халықаралық гүл көрмесінің ашылу салтанаты алдында Kazinform тілшісіне берген шағын сұхбатында.

Оның айтуынша, Нидерланд компаниялары қазақстандық әріптестерімен су және ток үнемдейтін технологияларды бөлісу мәселесін талқылауға дайын. 

- Осында өтетін гүл көрмесіне Нидерланд елінен жыл сайын жаңа компаниялар қосылып жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе қазақстандық фермерлерге құрғақ және жаңбырлы климаттарға бейімделген гүлдер мен дақыл тұқымдары қызықты болады деп ойлаймын. Нидерланд делегациясының құрамында жетекші тыңайтқыш өндірушілер де бар. Су үнемдеу, ток үнемдеу технологиясын ұсынатын компаниялар да Қазақстанға инвестиция салу мәселелерін пысықтауға дайын.

Мен өзіміздің компанияларға да, Қазақстан компанияларына да үнемі айтып жүремін. Екі арада туындауы мүмкін кез келген мәселені, кедергіні шешуге болады. Яғни, Нидерланд еліне барған қазақстандық кәсіпкер немесе Қазақстанға келген нидерландық кәсіпкер тап болған мәселесімен жалғыз қалмайды. Елшіліктер кез келген мәселені жергілікті органдармен бірлесе отырып реттеуге көмектеседі. Ол жағынан жұмыс жолға қойылған, - дейді елші.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан келешекте мал санын Нидерланд әдісімен реттеуі мүмкін

Соңғы жаңалықтар