Қазақстанның агросекторды дамыту әлеуеті зор — БҰҰ өкілі

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцу Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру динамикасына оң баға берді.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцу
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

БҰҰ өкілі ұсынған мәліметке сүйенсек, аталған ұйым былтыр Қазақстанда екі жобаны мақұлдаған. Оның бірі өсімдіктер селекциясы мен тұқым шаруашылығы бойынша (құны 2,6 млн АҚШ доллары), екіншісі Солтүстік Қазақстандағы жердің тозуымен күрес жобасы (құны 2,5 млн АҚШ доллары).

— Қазақстан — ауыл шаруашылығы өнімдерін нетто-импорттаушы ел, оның ішінде импорттың 60 пайыздан астамы тұтынуға арналған қайта өңделген тауарлар. Сондай-ақ Қазақстан шикізат тауарларын экспорттайды және өндіріс көлемін 75 пайызға дейін ұлғайту әлеуетіне ие. Елдің ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша экспорттық-импорттық саясаты агро-тауарлар саудасын жандандырудың негізі, — деді Виорел Гуцу дөңгелек үстел барысында.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцу
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Осы орайда БҰҰ өкілі ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын нығайту үшін қауіпсіздік жүйесінің беріктігі қажеттігін айтып отыр. 

— Қауіпсіздік өндіріс стандарттарын, соның ішінде кодекс стандарттарын енгізу мен бақылауды, сондай-ақ сенімді ветеринария және жануарлар саулығы жүйелерін, фитосанитария мен тұқым шаруашылығын, орман шаруашылығының тұрақты секторларын, балық шаруашылығы мен аква-өнім саласын қамтамасыз етеді. Одан бөлек, Қазақстан — бидай, сүт өнімдері, зығыр тұқымы, ет, қызанақ, картоп, қияр, алма сияқты өнімдердің ірі өндірушісі. Аталған өнімдердің ішінде, әсіресе, дәнді дақылдар секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бар. Соның ішінде біздің ұйымның ауыл шаруашылығы нарығы туралы ақпараттық жүйесіне (AMIS) қосылуға болады. Ал «Бір ел — бір басым өнім» бастамасы қазақстандық алма саудасының өсуіне ықпал ете алады. Бұл тұрғыда Қазақстанның агросекторды дамыту әлеуеті зор, — дейді шетелдік мейман.

Бүгін елордада Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйытқы болуымен азық-түлік жүйелерін қайта құру бойынша әлеуметтік жобаларды талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. 

Айта кетейік, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі 13,7%-ға артып, сала үшін рекордтық маусым болды

Сондай-ақ елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары қабылданғанын хабарлаған болатынбыз. 

Еске салсақ, еліміз шегірткемен жасанды интеллектінің көмегімен күреспек. 

Соңғы жаңалықтар