Қазақстанның алғашқы әйел-фармакологы Раиса Күзденбаева өмірден өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстанның көрнекті ғалымы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің алғашқы әйел-фармакологы Раиса Күзденбаева 83 жасында дүниеден озды. 

Қазақстанның алғашқы әйел-фармакологы Раиса Күзденбаева өмірден өтті
Фото: Қазақ ұлттық медицина университеті

С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы марқұмның дүниеден өтуіне байланысты қайғысына ортақтасып, туған-туыстарына, әріптестеріне және шәкірттеріне көңіл айтты.

– Раиса Күзденбаеваның өмірден озуы – отандық медицина ғылымы, фармакология саласы, жоғары медициналық білім беру жүйесі мен жалпы денсаулық сақтау саласы үшін орны толмас ауыр қаза. Ғалымның қажырлы еңбегі, биік ғылыми беделі мен ұстаздық ұлағаты көптеген дәрігер мен фармакологтарға үлгі болды. Оның ғылыми мұрасы мен шәкірттері Қазақстанның медициналық тарихында мәңгі сақталады, - делінген хабарламада.

Раиса Күзденбаева қазақ медицина ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі болды. Ол клиникалық және эксперименттік фармакологияның дамуына, білікті мамандарды даярлауға, ғылыми мектеп қалыптастыруға және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты.

Сонымен қатар отандық фармацияны дамытуға айрықша еңбек сіңіріп, жаңа дәрілік препараттарды тәжірибеге енгізді, Қазақстанның табиғи шикізаты негізінде бірегей дәрілік заттарды әзірледі және фармакологиялық сараптама жүйесін жетілдірді.

Еске салайық, бұған дейін Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Фархад Қыстаубаев өмірден өткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар