Қазақстанның әскери байланыс қызметі заманауи технологияны қаншалықты меңгерген

АСТАНА. KAZINFORM — 1994 жылғы 31 қазанда Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес ҚР Қарулы күштерінің Бас штабында Байланыс басқармасы құрылды. Сол уақыттан бері еліміздің байланыс әскерлері қалыптасып, дамып, қазір заманауи қару-жарақпен және техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілді. Әскери байланысшылар күніне орай осы қызметтің қазіргі жай-күйін ҚР ҚК Бас штабы Байланыс департаментінің бастығы полковник Асан Әкішевтен сұрап білдік.

әскери
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

– Байланыс әскерлерінің қалыптасуы мен дамуы оңай болмағанын түсінеміз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, қорғаныс саласы ауыр сынақтардан өтті. Сол кезеңді еске алғанда, тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің: «Мен өзімді майдан шебінде тұрғандай сезінемін» деген сөзі ойға оралады. Сол кездегі қиын кезеңге осылай баға берілген еді... 

– Сөзіңіздің жаны бар. Сол кезеңдегі басты міндет – байланыс әскерлерінде қалған мұраны сақтау, техника мен кадрларды қорғау болды. Барлық ардагер байланысшыларға, соның ішінде алғашқы басшымыз генерал-майор Мүбарак Орынбековке алғыс айту керек. Солардың арқасында инфрақұрылым мен техника сақталды, байланыс құралдары мен мүлік қалпына келтірілді және Қазақстан армиясының байланыс әскерлерін құру миссиясы толығымен орындалды.

ҚР ҚК Бас штабы Байланыс департаментінің бастығы полковник Асан Әкішев
Фото: ҚР ҚМ

Кадр тапшылығы да өзекті мәселе болды. Оны шешу үшін 1994 жылы Алматы жоғары жалпы командалық училищесінде байланыс кафедрасы құрылды. Курсанттарды дайындау үшін барлық әскери бөлімдер мен байланыс бөлімшелерінің көмегімен қысқа мерзімде оқу-материалдық база жасалды. Сол уақытта кіші буын мамандарын даярлайтын оқу орталығы да ашылды (21770 әскери бөлім).

Техника моральдық тұрғыдан ескірген, жиі істен шығып тұратын. Сондықтан оны қалпына келтіру, жаңарту және жаңа байланыс құралдарымен жабдықтау бірінші кезекте шешілді. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін байланыс әскерлерінің құрамын арттыру, жаңа әскери бөлімдер мен байланыс тораптарын қалыптастыру қажет болды. Бүгінде Қарулы күштердің байланыс әскерлері құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етілгенін, кез келген қиын жағдайда бөлімшелерді басқаруды қамтамасыз ете алатынын сенімді түрде айта аламыз.

– Қазіргі кездегі байланыс әскерлері қандай заманауи техникалық құралдармен жабдықталған?

– Байланыс әскерлері қазіргі заманғы байланыс құралдарының кең спектрімен қамтамасыз етілген. Қару-жарақта заманауи цифрлық кешендер мен аппараттар бар. Олар деректерді, дауысты және бейне сигналдарын жабық режимде жоғары жылдамдықпен жолдауға мүмкіндік береді. Спутниктік және радиожелілік станциялар кеңінен қолданылады. Негізгі назар желілік принциптерге сәйкес байланыс құруға және радиоэлектрондық кедергілерге төтеп беруге мүмкіндік беретін жаңа буындағы цифрлық радиостанцияларға аударылған. Сонымен қатар, біртұтас ақпараттық-коммуникациялық кеңістікке біріктірілген мобильді байланыс кешендері дамытылып жатыр. Бұл әскерлерді басқарудың жеделдігін, сенімділігін және жасырындылығын арттырады.

әскери байланысшы
Фото: ҚР ҚМ

Спутниктік кешендер алыс аудандарда дәстүрлі байланыс желілерін қолдану мүмкін болмаған кезде байланыс арналарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Байланыс тораптарын осылайша жабдықтау республика аумағында әскерлерді басқаруды толық қамтамасыз ете алады.

– Асан Рахматуллаұлы, Қарулы күштерді тұрақты басқаруды қамтамасыз етуде байланысшылардың рөлі маңызды. Байланыс әскерлері қандай жаттығуларға қатысады?

– Байланыс – бұл армияның негізгі жүйесі және кез келген жауынгерлік іс-қимылдарды табысты орындаудың кепілі. Тұрақты басқарусыз жеңіс те болмайды. Сондықтан байланыс әскерлері Қазақстан аумағында ғана емес, халықаралық деңгейдегі барлық жаттығуға қатысып тұрады.

Биыл барлық байланыс әскерлерін жұмылдыру арқылы ауқымды арнайы жаттығу өткізілгенін айта кету керек. Бұл жаттығудың ерекшелігіне тоқталсақ, мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен өзара іс-қимыл аясында байланысты қамтамасыз ету бойынша ауқымды тапсырмалар орындалды.

– Байланыс әскерлері үшін мамандарды даярлау жүйесі қалай ұйымдастырылған? Инженерлік мамандықтар бойынша офицерлер, сондай-ақ кіші буын мамандары қайда дайындалып жатыр?

– Қазіргі кезде байланыс мамандарын дайындау жүйесі толық құрылған және байланысшылар барлық деңгейде даярлықтан өтеді. Байланыс офицерлерін дайындау бойынша негізгі оқу орны – Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Мұнда жыл сайын 50–60 лейтенант дайындалып, әскерлерге байланыс взводтарының командирлері, байланыс тораптарының инженерлері және мамандары ретінде жіберіледі.

әскери байланысшы
Фото: ҚР ҚМ

Офицерлерді жоғары білімнен кейін даярлау мәселесі де оң шешімін тапқан. 2023 жылы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде полковник Дәулет Сатханұлы Ареновтің басшылығымен байланыс және ақпараттық қауіпсіздік кафедрасы ашылды. Полковник Аренов жоғары кәсіби деңгейге ие және әскерде мол тәжірибе жинаған маман. Қазір кафедрада 9 магистрант оқып жатыр. Сонымен қатар, офицерлер Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы С. Буденный атындағы әскери байланыс академиясында дайындықтан өтеді.

Байланысшы сержанттарды дайындау Астанадағы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде жүргізіледі. Ал кіші буын байланыс мамандарын Алматы облысындағы оқу орталығында дайындайды. Орталық жыл сайын 240 маманды түрлі бағыт бойынша әскерге жібереді.

– Кезекті мерзімді шақыру кезінде байланыс әскерлеріне қандай контингент қабылданады? Жаңадан келген сарбаздар арасында техникалық дипломы бар мамандар жеткілікті ме?

– Келген контингент әртүрлі деңгейде. Өкінішке қарай, техникалық білімі бар жауынгерлер көп емес. Дегенмен, байланыс әскерлерінің ерекшелігін ескере отырып, әскерге шақырғанда біз негізінен ІТ мамандарды, техникалық білімі бар жастарды және байланыс саласында жұмыс істеген адамдарды іріктеуге тырысамыз.

әскери байланысшы
Фото: ҚР ҚМ

Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскер қатарында қызмет барысында байланыс мамандарын сапалы дайындау міндетін қойды. Бұл кейін азаматтық салада жұмысқа орналасуға септігін тигізеді. Атап айтқанда, әскерге шақырылған жас жігіттер біздің оқу орталығымызда желілік қондырғылар мен электронды жабдықтардың электромонтері, радиобайланыс мамандығын меңгеріп шығады. Оқу орталығын тәмамдаған соң, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге сертификат беріледі. Сондықтан бұрынғы сарбаздарымызды түрлі кәсіпорындар мен байланыс мекемелерінде қызмет атқарып жүргенін жиі кездестіреміз.

– Байланыс әскерлері оқу жылының соңында қандай нәтижелерге қол жеткізді?

– Кәсіби мереке – «Әскери байланысшы күні» оқу жылының соңына (әскерде оқытудың екі кезеңі бар - қысқы және жазғы) сәйкес келеді. Бұл бізге жұмысымызды жан-жақты талдап, оң және теріс жақтарын анықтап, болашаққа арналған тапсырмаларды белгілеуге, қорытынды шығарып, жауынгерлік сайыстың жеңімпаздарын анықтауға мүмкіндік береді.

Осы оқу жылы байланыс әскерлері үшін сәтті болды. Бөлімшелер мен бөлімдер барлық дайындық кезеңінде жоғары кәсіби деңгейін көрсетті. Дайындық сапасы мен тапсырмаларды орындау қабілеті айтарлықтай артты. Оқу жылының мақсаты толық орындалып, тапсырмалар табысты шешілді деуге негіз бар.

– Әскери байланысшы қызметіне келетін маман өзін қай қырынан дамытуы керек?

– Қазіргі жағдайда байланыс құралдары тез дамып келе жатқанын ескерсек, байланысшы мамандығы жоғары интеллектіні, білім мен құзыретін үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді.

әскери байланысшы
Фото: ҚР ҚМ

Сонымен қатар, қазіргі заманғы жағдайларда табысқа жету үшін байланысшыға заманауи технологияларды меңгеру, ең күрделі жағдайда да бағдар тауып, командир мен штабқа байланысты қамтамасыз ету қабілеті қажет. Қарсыластардың радиоэлектрондық және киберқауіп тосқауылына төтеп беріп, жұмыс істей білуі керек.

Барлық әскери қызметшілер сияқты байланыс маманында да батылдық пен физикалық төзімділік қасиеттері болуы тиіс. Сондықтан бұл мамандарға кез келген уақытта Отанын қорғауға дайын тұру тиіс деген талап қойылады.

– Кәсіби мереке – «Әскери байланысшы күні» өздеріңіз дәстүрлі түрде қандай іс-шаралар ұйымдастырасыздар?

– Байланыс әскерлерінің өзіндік қалыптасқан жауынгерлік дәстүрлері бар. Кәсіби мереке күні барлық бөлімшеде әскери байланысшылар өз саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін ардагерлерге құрмет көрсетеді. Олар жинаған бай тәжірибесін жас буынға үйретіп, кәсіби сабақ береді. Айта кету керек, көптеген ардагер әлі күнге дейін өз мамандығы бойынша әртүрлі салаларда жемісті қызмет атқарып келеді.

Қазіргі әскери байланысшылардың жас буыны үлгі тұтар ардагерлерімізге қарап, бой түзеуі тиіс. Олардың қажырлы еңбегі мен жетістіктері - әрқашан бізге өнеге. Біз – офицерлер, сержанттар мен сарбаздар Отанымызды қорғауда тұрақты байланысты қамтамасыз етуге қауқарлымыз.

Соңғы жаңалықтар