Қазақстанның автожол саласына қандай өзгерістер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Қазақстанда автомобиль жолдарын салу және күтіп-ұстау сапасын арттыруға, нарық қатысушыларының жауапкершілігін күшейтуге, сондай-ақ жол инфрақұрылымын пайдаланушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған автожол саласында бірқатар маңызды реформа іске асырылды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, барлық жаңашылдық заңнамалық және нормативтік-құқықтық деңгейде бекітілді.
Негізгі қадамдардың бірі – жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын заңнамалық тұрғыда бекіту болды. Бұл платформа автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде қолданылатын материалдар мен технологиялар туралы деректер жинақталған орталықтандырылған ақпараттық жүйе саналады. Барлық мәлімет сынақтан өткен және сапасы мен қолдану саласын растайтын құжаттармен сүйемелденеді. Сонымен қатар базада карьерлер, асфальтбетон зауыттары және өзге де өндірістік нысандар туралы ақпарат қамтылған.
2025 жылы жол құрылысы сапасына техникалық және авторлық қадағалау саласындағы жауапкершілік күшейтілді. Енді қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдардың штатында жол құрылысы саласында білікті мамандардың болуы міндеттелді. Бұл бұрын аккредиттеу кезінде міндетті талап болып саналмаған.
Бұдан бөлек, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілген түзетулер аясында техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілді. Бұл олардың заң алдындағы жауапкершілігін едәуір арттырады.
Ақылы автомобиль жолдарын пайдаланушылардың құқықтарын қорғау да маңызды жаңалықтардың бірі болды. Енді дефектілер немесе жолдың нормативтік жай-күйіне сәйкес келмеу фактілері анықталған ақылы жол учаскелері бойынша жүргізушілер жол жүру ақысын төлеуден босатылады. Мұндай учаскелерде төлем кемшіліктер толық жойылғанға дейін алынбайды.
Тағы бір маңызды қадам – автомобиль жолдары үшін нақты жөндеу мерзімдерін бекіту. Нормативтік деңгейде жол санаты, қозғалыс қарқындылығы және климаттық жағдайлар ескеріле отырып, ағымдағы, орта және күрделі жөндеу жұмыстарының жаңа кезеңділігі айқындалды.
Сондай-ақ жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру қағидалары бекітілді. Жаңа талаптарға сәйкес, мамандар кемінде үш жылда бір рет, кемінде 40 академиялық сағатты құрайтын оқудан өтуге міндетті. Ал, жол ұйымдарының басшылары лауазымға тағайындалғаннан кейін 6 ай ішінде күндізгі оқу форматында білімін жетілдіруі тиіс. Оқу қорытындысы бойынша қорытынды бағалау жүргізіліп, 3 жыл мерзімге сертификат беріледі.
Жалпы алғанда, қабылданған шаралар стандарттауға, цифрлық есепке алуға, сапаны бақылауды күшейтуге және автомобиль жолдарын пайдаланушылардың мүдделеріне негізделген автожол саласын басқарудың жаңа моделін қалыптастырады.
Еске салсақ, осыған дейін ұшақты мұздан тазарту неге жолаушылар отырғызылғаннан кейін жүргізілетінін жазғанбыз.