Қазақстанның батысында шағын АЭС салынуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздің батысында тағы бір АЭС пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті. 

Қазақстанның батысында шағын АЭС салынуы мүмкін
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Осы орайда Каспий теңізінің жағалауы қарастырылуы ықтимал.

— Орын әлі нақтыланбаған. Бұл өңір шағын және орта қуатты реакторлары бар атом электр станциясының әлеуетті орны ретінде қарастырылып отыр. Осы орайда МАГАТЭ-нің барлық негізгі нұсқауына сүйене отырып, жақын арада атом электр станциясын салу мүмкіндігіне қатысты тиісті зерттеу жүргізіледі.

Бұл бағытта сейсмикалық қауіпсіздікті, су қоймасының болуы және суды жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету жағдайы қарастырылады. Атап айтқанда, агенттікте атом электр станциясын салу үшін батыс өңірді зерттеу жоспары бар және біз бұл учаскенің болашағы зор екенін түсініп отырмыз, — деді Алмасадам Сәтқалиев Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алматы облысында екі атом электр станциясын салу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар