Қазақстанның Беларусьқа тауар экспорты 2 есе артты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Беларусьқа тауар экспорты 2 есе артты. Бұл туралы Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Богданов айтты.

— Биыл өзара тауар айналымының артқанын байқап отырмыз. Тауар айналымы 17 пайызға артты. Бұл ретте Беларусьтан да, Қазақстаннан да тауар жеткізілімі ұлғая түсуде. Бір қызығы, Қазақстанның біздің елге тауар жеткізу қарқыны 2 есе қарқынмен өсім көрсетіп отыр. Мүмкін бұған өткен жылғы төмен база әсер еткен шығар. Қалай дегенде өзара тауар айналымының оң қарқыны көңілден шығады. Алдағы бірнеше жылдың ішінде оны 1,5 млрд долларға жеткізу міндеті бар. Соңғы жылдары 1 млрд долларға жетті, — деді Алексей Богданов.
Оның айтуынша, Беларусь елімізге машина жасау саласына қатысты өнімдер жеткізеді. Беларусь тракторлары мен комбаиндар құрастырылады. Азық-түлік тауарларына да сұраныс бар.
— Қазақстанда беларусь азық-түліктеріне сұраныстың жоғары болғанына қуанамыз. Тұтынушыларымыздың мұндай талғамын жоғары бағалаймыз. Барлық тауар Беларусь ветеринарлық және санитарлық қызметтерінің қатаң бақылауымен өндіріледі. Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін, өндеу өнеркәсібімізге қажетті түрлі ферроқорытпалар, металлдар, резеңке аламыз, — деді ол.
Айта кетейік, 22-24 қазан күндері елордада алғаш рет Қазақстан-Беларусь аграрлық форумы өтеді.