Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету жолындағы рөлін жоғары бағалаймыз – Иордания Королі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан-Иордания бизнес форумы екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен айтты.

– Иордания қарым-қатынастарымызды өте жоғары бағалайды әрі толық қолдайды. Бүгінгі кездесуде өзара байланыстарымызды, түрлі салалардағы екіжақты қарым-қатынастарымызды тағы бір мәрте растадық. Бұған дейінгі келіссөздеріміздің қорытындысында бірнеше келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойған едік. Бүгін де жаңа салаларда жаңа келісімдерді рәсімдейміз, - деді Иордания Королі.
Мәртебелі мейманның атап өтуінше, рәсімделетін құжаттар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды бағыттардағы екі ел ынтымақтастығы үшін берік негіз болмақ.
– Сонымен қатар бүгінгі бизнес-форум – жеке сектордағы және жалпы екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін тағы бір қадам. Мұнан бөлек, біз Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету жолындағы сындарлы рөлін жоғары бағалайтынымызды тағы да атап өткім келеді. Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесіп жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін, - деді II Абдалла бен әл-Хусейн.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алғанын жазған едік.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королін Астана әуежайынан қарсы алған еді.
Мәртебелі мейман мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары алып жүрді.