Қазақстанның бидай экспорттайтын нарығы тарылып барады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның қаңтар-тамыз айларындағы бидай экспорты 3,13 млн тоннаны құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Cауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты.

Ресей бидайын жалған құжаттармен экспорттап келгендер ұсталды
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

«2024 жылы әлемдік бидай нарығында бірқатар өзгерістер күтілуде. Сарапашылар Еуропа, Оңтүстік Африка және Украинада ауа-райының қолайсыздығы себебінен бидай өндірісі төмендейді деп болжайды. Сонымен қатар, Ресейдің бидай бойынша экспорттық әлеуеті 2024-2025 жылдары 53 млн тонна көлемінде болады. Бұл өткен маусыммен салыстырғанда 10,1 пайызға аз. Қазақстанның қаңтар-тамыз айларындағы бидай экспорты 3,13 млн тонна құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 39,2 пайызға төмендеген», - деді ол. 

Оның атап өтуінше, астық экспортының төмендеу себебі өткен жылғы өнімнің аздығы және дәстүрлі экспорттық нарықтарда бәсекелестіктің күшеюі болып тұр. 

«Сондай-ақ біз бидай экспорттық нарықтарының географиясының тарылуын байқап отырмыз. Негізгі экспорттық нарықтар - Италия, Түркменстан және Ауғанстан, Ресей Қазақстанның бидайын тұтынуды бірнеше есеге азайтты. Бұл экспорттық бағалардың демпингімен байланысты. Ол Қазақстан бидайының Орталық Азиядағы негізгі экспорттық нарықтарға ауысуына себеп», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар