Қазақстанның бітімгерлеріне қанша өтемақы қарастырылған

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев қазақстандық бітімгерлерге қай сомада өтемақы қарастырылғанын айтты. 

Қазақстанның бітімгерлеріне қанша өтемақы қарастырылған
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар аясында және Голан биігіндегі жағдайға байланысты Қазақстан бітімгерлерінің қауіпсіздігі жөнінде сұрады. Сонымен қатар еліміздің әскерилері жараланған жағдайда өтемақы беру мүмкіндігі туралы сұрақ қойылды.

Өз кезегінде Шайх-Хасан Жазықбаев 2024 жылдың аяғында болған шиеленіс кезінде Қазақстанның бітімгерлік ротасы қақтығысты тоқтатуға қатысты іс-шараларға жұмылдырылмағанын айтты.

- Меморандум аясында тек бітімгерлік миссия бойынша азаматтық персоналды Дамаск қаласына эвакуциямен айналысты. Сондай-ақ басқа елдердің бітімгерлерін базаға көшіруге қатысты. Өтемақыға тоқталсақ, еліміздің заңдарымен бекітілген талап бойынша әрбір топ мүгедектігіне 6-дан 30 айлық төлемақыға дейін белгіленген. Қаза тапқан жағдайда 60 айлық мөлшерде төленеді. Ал БҰҰ жағынан 77 мың АҚШ долларына дейін төлемақы бекітілген, - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында ҚР Қорғаныс министрлігі Голан жоталарындағы бітімгерлердің қауіпсіздігі үшін қажет шара қабылдап жатқанын хабарлады.

2024 жылы наурыз айында қазақстандық бітімгерлерді Голан биігіне шығарып салу рәсімі өтті.

Соңғы жаңалықтар