Қазақстанның бүгінгі дипломатиясының ерекшеліктері
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның дипломатиялық белсенділігі мен түрлі ұйымдарға қатысуы - елдің көпвекторлы саясатының маңызды бөлігі, деп жазады Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы.

Дипломатияның трансформациясы
Бүгінгідей сергелдең заманда, халықаралық саясат ережелері күн санап өзгеріп жатқан тұста кез келген мемлекеттің сыртқы саясаты қатты қысымға ұшырап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінде түбегейлі өзгерістерге тікелей қатысы жоқ мемлекеттердің өзінде де қандай күрделі жұмыстар жүріп жатқанын тек сала мамандары ғана біледі. Өйткені бұл әлемде бәрі бір-бірімен өзара байланысты, бір елдің бағыты, басымдықтары ауысса, бұл басқа елдің мүддесіне ықпал етуі ықтимал.
Халықаралық саясаттың қаншалықты нәзік дүние екенін ескерсек, бізге белгілі барлық келіссөздер мен консультацияларда қысым деңгейі қандай екенін елестете беріңіз. Ал біз білмейтін кездесулерде ше? Бүгінгі таңда жаһандық деңгейдегі дипломатия сырт көзге көрінбейтін, тасадағы жасырын форматқа ауысып отыр. Себебі мемлекеттік мүдде түсінігі әлі де өзекті, бірақ қазіргі жағдайда мемлекеттік мүддені қалай қамтамасыз ету керек екенін ешкім білмей отырғандай. Сондықтан жаңа сын-қатерлерге жауап ретінде әлемдік дипломатия жаңа жұмыс режиміне көшті.
Қазақстан – өңірлік деңгейдегі маңызды ойыншы
Егер жаһандық деңгейде соғыс пен бейбітшілік мәселелері шешіліп жатса, жекелеген елдер деңгейінде ұлттық мүдде үдесінен шығу тұрғысынан күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Еуразияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан секілді елдер үшін бұл әсіресе көкейкесті мәселе.
Географиялық орналасуының өзі Қазақстан Республикасын аймақтық дейгейдегі маңызды ойыншыға айналдырады. Өйткені еліміз Қытай, Ресей және АҚШ секілді ұлы державалардың, Еуропалық одақтың, Үндістан, Иран, Түркия сынды өңірлік державалар мен Парсы шығанағындағы араб елдері мүдделерінің тоғысқан жерінде жатыр. Түрлі елдер қызығушылығы түйіскен жерде орналасқан елде жаһандық әрі аймақтық бәсекелестіктің болмауы мүмкін емес екені түсінікті жағдай.
Қазақстан мен тұтас Орталық Азия өңірі үшін осындай күрделі жағдайда көпвекторлы сыртқы саясат ұстану - жалғыз оңтайлы жол. Бұл еліміз үшін де, оның мүддесі үшін де маңызды. Біздің өңірдің төңірегінде қалыптасқан бәсекелестік тұрғысынан да оның мәні зор. Себебі, егер мемлекет сыртқы аренада өзіндік орны бар, белсенді ойыншы ретінде өзін таныта білсе, ұлы державалар арасындағы бақталастықта да бұл фактор ескерусіз қалмайтыны хақ. Алайда егер әңгіме сыртқы саясат субъекті емес, геосаясат объектісі жөнінде болса, жағдай басқаша болатынын көріп отырмыз. Ондай жағдайда бұл ел өз тағдырын өзі шешпейді, оның болашағын айқындайтын мәселелерді оның қатысуынсыз, ұлы державалар өздері талқыға салады.

Көпвекторлы саясат сапалы сыртқы саясатты талап етеді. Өйткені өзінің күнтәртібі болуы және жария дискуссияларға да, жаһандық деңгейдегі сыртқы саясатта ерекше мәнге ие болған жабық іс-шараларға да белсенді қатысу аса маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның жария дипломатиялық белсенділігі, түрлі халықаралық ұйымдарға қатысуы еліміздің көпвекторлы саясатының маңызды бөлігі. Атап айтқанда, қауіпсіздік мәселесіне келгенде, біз үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының да, Шанхай ынтымақтастық ұйымының да, Түркі мемлекеттері ұйымының да мәні бірдей, әрқайсының рөлі зор. Себебі, бұл дегеніміз әрқашанда өзектілігін жоғалтпайтын қауіпсіздік мәселесінен бөлек, осы бағыттағы барлық негізгі ойыншылармен тығыз қарым-қатынаста болудың, байланыс орнатудың амалы.
Тәуелсіз ымырагер
Бұл өз кезегінде жаһандық әрі өңірлік деңгейде сенімді серіктестік орнатуға мұрындық болады. Біздің жағдайда, Қазақстанның дербес ұстанымына деген сенім – бұл да капитал. Біз оны өте күрделі кезеңдерде делдалдық қызметке айырбастай аламыз. Иран ядролық бағдарламасы, одан кейін Сириядағы қақтығыс кезінде осыған куә болдық. Ауғанстандағы ахуалға қатысты да осылай деуге болады.
Өйткені белгілі бір жағдайларда кейбір мәселелер бойынша қайшылықтар тығырыққа тіреліп қалатыны бәріне аян. Егер шиеленістің қатысушылары көп болса, оның шешімін табуда кім ымырагер бола алады деген сұрақ туындайды. Көп жағдайда осындай делдалдың рөлін Қазақстан атқара алады, себебі біздің еліміздің ондай тәжірибесі де, ең бастысы өзге елдердің сенімі де бар.

Бұл жерде 11 наурыз күні Сауд Арабиясында АҚШ пен Украина өкілдері арасында өткен аса маңызды келіссөздерден кейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің телефон арқылы тілдесуін ерекше атап өту қажет. Біз ол әңгіменің нақты не туралы болғанын білмейміз, бірақ ондай телефон қоңырауы шалынуына жай ғана халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаудан гөрі басқа да өте маңызды себеп болғаны айқын. Бұл тұста Қазақстанның түрлі күрделі шиеленістерді шешудегі ымырагер ел ретіндегі бай тәжірибесі әңгіме арқауына айналғанын болжауға болатындай.
Әрине, қазіргі әлемде қақтығыстар мен қайшылықтар тым көп болып кетті. Бұл жағдайда Қазақстанға өзінің көпвекторлы саясатының тиімділігін сақтап тұру үшін көп тер төгуге тура келеді. Осы мақсатта орта державалар тұжырымдамасынан бастап, үлкен ойыншылар арасында өз жолын табуға дейін мүмкіндіктердің барлығын пайдалану қажет.
Бүкіл мән-жайды білмей тұрып, Қазақстанның көпвекторлы саясатына баға беру қиын. Бірақ қалыптасқан ахуал осыны талап етіп тұрса, амал нешік. Дипломатия жаһандық деңгейде көлеңкеге кетіп жатыр, бірақ одан оның тиімділігі азайып жатқан жоқ, жай ғана нәтижесі біздің көзімізге көрінбейтін болды. Кез келген дағдарыс мүмкіндіктер ашатыны белгілі. АҚШ-та Дональд Трамп билік басына келгеннен бері орта державалардың позициялары әлсіреп қалғандай көрінгенімен, шын мәнінде олардың өз мүмкіндіктері бар. Тек қана сол мүмкіндіктерді мүлт жібермеу керек.