Қазақстанның «электронды үкіметін» Африка елдері көшіріп алып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның GovTech технологиясындағы жетістіктерін атады.
«GovTech технологиясындағы цифрлық өнімдеріміз халықаралық деңгейге шығып жатыр. 2023–2024 жылдары экспорт көлемі 1,36 млрд теңге болды. Қазақстанның «электрондық үкімет» саласындағы озық шешімдерін Тәжікстан, Того және Сьерра-Леоне сияқты елдер пайдалана бастады», - деді Жаслан Мәдиев.
Министр Қазақстанда сәтті іске асқан «электродық үкімет» жобасы өзге елдерге енгізілгенін атап өтті.
«Біз экспорттайтын негізгі компонеттерге Smart Data Ukimet, Smart Bridge және GOV.KZ құралдары кіреді. Осылайша, Қазақстан цифрландыру саласындағы бәсекеге қабілетті екенін растап, GovTech шешімдеріне жаңа нарық ашып отыр», - деді ведомство басшысы.
Осыған дейін Қазақстанның IT-қызметтер экспорты қарқынды өсіп келе жатқаны туралы хабарладық. 2023 жылы экспорт көлемі 529 миллион долларға жетсе, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 306 миллион доллар болды.