Қазақстанның еңбек нарығын жасанды интеллект өзгерте ме
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин еңбек нарығына жасанды интеллект әсер етіп жатқанын айтты.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, жасанды интеллект аналитикалық салаларға - скорингке, құжаттарды өңдеуге әсер етіп отыр. Мұнымен қоса, қазірдің өзінде колл-орталықтарды алмастырып жатқан әртүрлі консультацияларға, сондай-ақ заңгерлік кеңестерге ықпал етіп жатыр.
«Қазір норма шығару қызметіне арналған чат-бот жасап жатырмыз. Денсаулық сақтауда, яғни диагностика саласында табысты жобалар бар. Атап айтқанда, еңбек нарығында қысқартулар емес, жұмыс сипатының өзгеруі болады», - деді Р.Коняшкин Мәжілісте кадрлық әлеуетті нығайту тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның пайымынша, Қазақстандағы еңбек нарығын қайта қарастырылуы мүмкін, өйткені еңбекті басқару жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда маңызды фактор – қызметкерлерді цифрлық құралдарды басқару және жасанды интеллект үлгілерін үйрену үшін қайта даярлау.
«Кадрларды оқытуға келетін болсақ, біз қазір «TechOrda» бағдарламасы аясында мамандарды даярлауды белсенді түрде енгізіп жатырмыз», - деді Р.Коняшкин.
Бұдан бұрын хабардланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Себебі қазіргі кезде кәсіптік - техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға артық.