Қазақстанның энергия үнемдеуді 40%-ға жеткізуге мүмкіндігі бар

АСТАНА. KAZINFORM – Энергия тапшылығы оны өндіру көлемін арттырудың ғана емес, үнемдеу жолдарын да қарастыру қажеттілігін тудырады. Еліміздің бұл салада алға қойған мақсатты көрсеткіштері бар, ол арнайы тұжырымдамада бекітілген. Межелі дата – 2029 жыл. Ал ондағы белгіленген жұмыстар 2023 жылы басталған. Осы аралықта энергия тиімділікті арттыру, ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету бағытында қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын бір шолып шықтық.

Қазақстанның энергия үнемдеуді 40%-ға жеткізуге мүмкіндігі бар
Фото: Freepik

Энергия тиімділігі немесе энергия үнемдеу технологиясының екінші аты —«көрінбейтін отын». Шынында ол энергия өндіру көлемін арттырмай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның пайдасы орасан зор: шығын да, көміртек шығарындысы да азаяды.

Германия, Жапония және Қытай сияқты дамыған өнеркәсіптік саясаты бар елдерде энергия тиімділігін арттыру экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының біріне айналды. Қазақстан да осы бағытта ілгерілеп келеді, алайда қарқыны әлемдік орташа деңгейден төмен.

Елімізде қазіргі заманғы энергия үнемдеу жүйесінің негізі 2012 жылы қаланды деуге болады. Себебі сол жылы елімізде «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР салалық Заңы қабылданды.

Ал 2023 жылы 28 наурызда Үкімет «Қазақстан Республикасының энергия үнемдеу саласын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекіту туралы қаулы шығарды. Осылайша жаһандық экономикадағы жаңа үрдісті біздің елде де жандандырудың құқықтық нормалары пайда болды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 1000 АҚШ долларына шаққанда 0,3156 мұнай эквивалентінің тоннасына (м.э.т.) тең болған. Бұл - көрсеткіш 2008 жылғы (0,518 м.э.т.) көрсеткішпен салыстырғанда 39%-ға төмен.

Жоғарыда аталған тұжырымдамада энергия үнемдеу саясатын құру үшін ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай 2008 жылғы деңгейдің 25%-ына дейін төмендету басты мақсат ретінде көрсетілген. Нақты көрсеткіштер тек үшінші тоқсанның соңында жарияланады, сондықтан көрсетілген межеге қаншалықты жақындағанымызды әзірше дөп басып айта алмаймыз.

Дейтұрғанмен, жауапты ведомство бұл бағытта жұмыстың жүріп жатқанын мәлімдеді. Бірақ әлемдік деңгеймен салыстырғанда көңіл көншітерліктей көрсеткішке әлі қол жеткізе қоймаппыз.

– Соңғы жылдары Қазақстан ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендетуде жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді, алайда бұл көрсеткіш жаһандық орташа деңгейден төмен. Сол себепті, Қазақстан әлі де энергия сыйымдылығы жоғары экономика ретінде қалып отыр. Бұндай жағдайдың қалыптасуына ел экономикасы құрылымының ерекшелігі себеп болады. Бізде әлі де энергияны көп қажет ететін салалардың (мұнай, газ, металлургия, кен өндіру өнеркәсібі) үлесі жоғары, – делінген Kazinform агенттігінің сауалына Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жолдаған жауапта.

ТМД-да төртіншіміз...

Халықаралық энергетикалық агенттіктің 2022 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары. Ал ТМД елдері арасында төртінші орында тұр.

Ел

2021

2022

2023

1

ЭЫДҰ

0,1

0,096

0,093

2

Армения

0,298

0,281

-

3

Тәжікстан

0,309

0,298

-

4

Әзербайжан

0,305

0,308

-

5

Қазақстан

0,32

0,315

0,3156

6

Өзбекстан

0,431

0,392

-

7

Молдова

0,442

0,4

-

8

Беларусь

0,455

0,462

-

9

Ресей

0,548

0,545

-

10

Қырғызстан

0,528

0,547

-

11

Украина

0,87

0,853

-

12

Түрікменстан

0,833

0,884

-

Кестеден Қазақстан ТМД елдері арасында Армения, Тәжікстан және Әзербайжаннан кейін тұрғанымен, Түрікменстан, Украина және Ресей сияқты елдерден көрсеткіші 2-2,5 жарым еседей жоғары екенін аңғаруға болады.

Сарапшылардың пікірінше, энергия сыйымдылығын одан әрі төмендету үшін тек өндірісті жаңғыртып қана қоймай, ЖІӨ құрылымын да өзгерту керек. Мәселен, қызмет көрсету мен өңдеу өнеркәсібі үлесін арттыру, цифрлық және «жасыл» технологияларды көбірек енгізу энергия сыйымдылығын еселеп төмендетуге мүмкіндік береді.

Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) энергия сыйымдылығы – экономиканың энергияны пайдалану тиімділігінің негізгі көрсеткіші. Бұл көрсеткіш неғұрлым төмен болса, энергия үнемділігі соғұрлым жоғары болады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның энергия сыйымдылығы баяу, бірақ біртіндеп төмендеп келе жатқанын көреміз:

  • 2021 жылы – 1000 АҚШ долларына шаққанда 0,320 мұнай эквивалентінің тоннасына (м.э.т.);
  • 2022 жылы – 0,315;
  • 2023 жылы – 0,3156 (алдыңғы жылғы деңгеймен шамалас) тең.
электричество, электроэнергия, электр энергиясы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Энергияны үнемдеу бағыты: заң нормасы, технология және насихат

Энергия үнемдеу саласын дамытудың және энергия тиімділігін арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығын төмендету және энергияны көп қажет ететін салаларды жаңғырту бағытында бірқатар жұмысты іске асыру көзделген. Құжатта жалпы саны 38-ден астам іс-шара жоспарланған және олар өнеркәсіп, энергетика, көлік салаларын, сондай-ақ тұрғын үй мен бюджеттік секторды қамтиды. Осы іс-шаралардың арқасында ұлттық энергетиканың тұрақтылығы артып, артық энергия тұтыну мөлшерін азайту мүмкін болмақ.

Нысаналы индикаторларға сәйкес, Қазақстан 2029 жылға дейін мына көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеп отыр:

  • өнеркәсіптің энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгейден 2029 жылға қарай 10%-ға төмендету;
  • энергетика секторының энергия сыйымдылығын 2021 жылғы деңгейден 2029 жылға қарай 5%-ға төмендету;
  • үй-жайлар алаңының бір бірлігіне шаққанда энергия тұтынуды 2021 жылғы деңгейден 2029 жылға қарай 10%-ға төмендету;
  • жан басына шаққандағы энергия тұтынуды 2021 жылғы деңгейден 2029 жылға қарай 5%-ға төмендету.

Мынадай нәтиже күтеміз:

  • ЖІӨ энергия сыйымдылығының 2021 жылғы деңгейден 2029 жылға қарай 10%-ға төмендеуі;
  • электр және жылу желілері тозуының 5%-ға төмендеуі;
  • энергия өндіруші ұйымдардың негізгі және қосалқы жабдықтары тозуының 5%-ға төмендеуі;
  • энергия үнемдеу саласына 20 млн АҚШ доллары сомасында инвестицияның тартылуы;
  • халықтың энергия үнемдеу мәселелерінде хабардар болуының 50%-дан астам қамтумен артуы.
Елордада электр энергиясы тарифі көтерілуі мүмкін
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Негізгі бағыттар бойынша жағдай:

1. Өнеркәсіп
Энергоресурстардың өндіріс көлеміне шаққандағы үлестік шығынын ескере отырып, энергия тұтыну нормативтері қайта қаралып жатыр. Металлургия, химия және құрылыс өнеркәсібі үшін аса маңызды өндірістік үдерістерді жаңғырту және энергия үнемдейтін технологияларды енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2. Энергетика
Электр энергиясының нақты уақыт режиміндегі теңгерімдеуші нарығы енгізілді, бұл сұраныс пен ұсынысты икемді реттеуге мүмкіндік береді. Энергия өндіруші ұйымдарды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламаларды іріктеу тәсілдері де қайта қаралып, басты назар энергия тиімділігіне аударылды.

3. Бюджеттік сектор

Энергосервистік келісімшарттар саласындағы заңнамалық кедергілерді жою бойынша өзгерістер әзірленіп жатыр. Бюджеттік мекемелер тарапынан энергиятиімді жабдықтарды сатып алу үлесін арттыру бойынша жұмыстар атқарылу үстінде.

4. Тұрғын үй секторы және тұрғындар

Құрылыс материалдары мен конструкцияларына қойылатын энергия тиімділік талаптарын реттейтін нормативтерге өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, халықты энергияны тиімді тұтыну мәселелері жөнінде ақпараттандыруға баса назар аударылады.

5. Көлік
Газ, электр және биологиялық отынмен жүретін қоғамдық көлікті қолдануды кең насихаттау, сондай-ақ қалаларда велосипед инфрақұрылымын дамыту шаралары іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-ге энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын өзгерістер дайындалды. Мемлекеттік энергетикалық тізілімді басқа цифрлық платформалармен біріктіріп, Бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Энергиямен жабдықтау жүйесі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Өнеркәсіп – елдегі ең ірі энергия тұтынушысы

Қазақстанда өнеркәсіп секторы бұрыннан энергия тұтыну бойынша алдыңғы орында. Алайда соңғы үш жылда бұл салада энергияны түпкілікті тұтыну көлемінің азаю үрдісі байқалады. Бұған өндірісті жаңғырту, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу және экономикалық құрылымдағы өзгерістер себеп болған.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, өнеркәсіптегі энергия тұтыну көлемі мынадай:

  • 2021 жыл — 13 107,0 м.э.т,
  • 2022 жыл — 12 251,4 м.э.т,
  • 2023 жыл — 11 449,1 м.э.т.

Осылайша, 2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп секторындағы энергия тұтыну көлемі 12%-дан астам азайды.

– 2024 жылғы статистикалық және салалық деректер осы жылдың үшінші тоқсанында жасалады. Оның қорытындысы бойынша салыстырмалы талдау жүргізілетін болады, – деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен.

Энергиямен жабдықтау жүйесі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Тұрғын үй секторы өнеркәсіптен де көп энергия тұтынады

Қазақстанның тұрғын үй секторындағы энергияны түпкілікті тұтыну көлемі өзгеріп тұрады, бірақ тұтыну көлемі жоғары деп саналады, тіпті өнеркәсіп көрсеткіштерінен де асып түседі.

Соңғы үш жылдағы көрсеткіштер мынадай:

  • 2021 жыл — 14 713,0 м.э.т,
  • 2022 жыл — 13 388,2 м.э.т,
  • 2023 жыл — 13 897,6 м.э.т.

Осылайша, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда тұтыну 9%-ға төмендеді. Алайда 2023 жылы энергия тұтыну көлемі қайтадан 500 мың м.э.т. өсті. Бұл тұрғын үй қорының көбеюімен, жылыту маусымында жылу және электр энергиясын тұтынудың артуымен, сондай-ақ орталықтандырылған энергия желілеріне жалғанатын көздердің кеңеюімен байланысты болуы мүмкін.

Өнеркәсіп дәстүрлі түрде энергия ресурстарының ең ірі тұтынушысы болып саналса да, Қазақстанда түпкілікті энергия тұтынудың ең үлкен үлесі тұрғын үй секторының еншісінде. Мұндай көрсеткіш елдің климаттық ерекшеліктеріне және тұрғын үй қорының техникалық жай-күйіне байланысты қалыптасады.

Қазақстан күрт континенталды климаты бар елдердің қатарына жатады. Елдің бірнеше өңірінде жылыту маусымы жылына 7 айға дейін созылады, бұл жылу энергиясына тұрақты жоғары сұраныстың туындауына себеп болады.

Мемлекеттік органдардың деректеріне сәйкес, ел аумағында:

  • 1970 жылға дейін салынған 736 мыңнан астам тұрғын үй бар;
  • 1971 жылдан 1990 жылға дейін салынған шамамен 659 мың үй бар.

Бұл ғимараттардың басым бөлігі кеңестік кезеңде, ескірген құрылыс стандарттары бойынша салынған және жылуды сақтау мен энергия тиімділігіне қойылатын талаптар өте төмен болған. Соның салдарынан жылу жоғалту көрсеткіші жоғары және сәйкесінше энергия тұтыну мөлшері де көп.

Энергиямен жабдықтау жүйесі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Бюджеттік сектордағы энергия тұтыну

Қазақстандағы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын төмендету шаралары қатарында бюджеттік сектордағы энергия үнемдеуді арттыру негізгі басым бағыттардың бірі саналады. Оған нормативтік бастамалар, энергетикалық мониторинг және энергия үнемдейтін жабдықтарды мемлекеттік сатып алуды бақылау секілді іс-шаралар кіреді.

2022 жылдан бастап «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Олардың ішінде:

  • бюджеттік ұйымдар үшін энергия тұтыну нормативтерін бекіту;
  • мемлекеттік мекемелердің энергия тұтынуын мониторингілеу ережелерін енгізу;
  • нормативтерді есептеу әдістемесін әзірлеу;
  • энергия үнемдеу саласындағы сатып алуларды бақылау ережелерін қабылдау.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 10 742 мемлекеттік мекемеде энергоаудит жүргізілді. Бұл мекемелердің энергия тұтыну көрсеткіші 1 649 722 шартты отын тоннасына (ш.о.т) жетті.

Тұтыну мөлшері:

  • Білім беру мекемелері – 60,5% (999 462,8 ш.о.т);
  • Әкімшілік мекемелер – 33,6% (553 977,8 ш.о.т);
  • Денсаулық сақтау және мәдениет мекемелері – 5,9% (96 331,4 ш.о.т).

Орта есеппен бір мемлекеттік мекеме жылына 146 тонна шартты отын тұтынады. Бұл энергия тұтыну жүйелерін жаңғырту арқылы едәуір үнем жасауға мүмкіндік барын көрсетеді.

Энергия тұтынуды бақылаумен қатар, сатып алынатын жабдықтардың энергия тиімділік стандарттарына сәйкестігі де тексеріледі. Алайда 2023–2024 жылдардағы нәтижелер бірқатар осал тұстарды ашып берді.

2023 жыл:

  • 3 716 сатып алу шарты қаралды;
  • оның ішінде 2 578-і жүзеге асты;
  • 6 744 бірлік жабдық сатып алынды;
  • оның 59,1%-ы энергиятиімділік талаптарына сай;
  • 40,9%-ы сай емес.

2024 жыл:

  • 9 949 сатып алу шарты қаралды;
  • оның ішінде тоңазытқыш жабдықтар бойынша – 663;
  • жарықтандыру құралдары бойынша – 9 286;
  • талаптарға сай жабдық – 15,26%;
  • талаптарға сай емес – 84,7%.
Энергиямен жабдықтау жүйесі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

ТҮКШ саласындағы энергияүнемділікті арттыруға не кедергі?

Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында энергия тиімділігін арттыру мәселесі әлі де өзекті күйде қалып отыр. Бұл тұрғын үй секторының елдегі жалпы энергия тұтынудағы үлесінің жоғары болуымен байланысты.

Басты кедергілер:

  • Тозығы жеткен тұрғын үй қоры. Көптеген үйлерге кешенді жаңғырту қажет – терезелерді ауыстыру, қасбеттерді оқшаулау, жылу жүйелерін жаңарту.
  • Қаржыландырудың жетіспеушілігі. Энергиятиімді технологияларды енгізу үшін қомақты инвестиция қажет. Бірақ қазіргі таңда тұрғындар мен басқарушы компаниялар үшін қолжетімді ауқымды қаржы құралдары жоқ.
  • Реттеудің әлсіздігі. Энергия үнемдеу саласындағы заңнама дамып келе жатқанына қарамастан, күрделі жөндеу мен құрылысқа қатысты міндетті әрі нақты стандарттардың болмауы реформаларды тежейді.
  • Халықтың хабардар болу көрсеткіші төмен. Көптеген азаматтар энергия үнемдеуші шешімдердің қаншалықты пайдалы екенін жете білмейді, бұл олардың ынтасын төмендетеді. Басқарушы компаниялардың да көбіне энергоаудит пен жаңғырту жоспарын жасау саласында біліктілігі төмен.

Мамандар ТКШ саласындағы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін кешенді шешімдерді ұсынып отыр. Мәселен, олар энергия үнемдеуді арттыратын жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы бөлуге көмектесетін мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажеттілігін айтады.

Сонымен қатар жеңілдікті қаржы құралдарын, соның ішінде субсидияланған несиелер мен энергиятиімді үйлер үшін «жасыл» ипотекаларды әзірлеу және енгізу қажет. Одан бөлек энергиятиімділік талаптарын күшейту, кадрлардың біліктілігін арттыру және мониторинг жүргізуге арналған цифрлық платформаларды құру маңызды.

Есептеулерге сәйкес:

  • өңдеу өнеркәсібінде энергия үнемдеу әлеуеті – шамамен 7%;
  • энергетика саласында – 8%;
  • тұрғын үйлерде, коммерциялық және мемлекеттік ғимараттар қорына тиесілі нысандарда – 40%.

Айта кетсек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда қоқыс жағатын зауыттар салынуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын. Атап айтқанда, қоқыс жағу арқылы электр энергиясын өндіруді және сол арқылы табыс табуды көздейтін компаниялардың инвестициялық жобалары қарастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар