Қазақстанның ерлер құрамасы үстел теннисінен Азия чемпионатының ширек финалына шығуға жақын

АСТАНА. KAZINFORM- Өзбекстанның Ташкент қаласында үстел теннисінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстанның ерлер құрамасы плей-офф кезеңінде Малайзияны 3:0 есебімен жеңіп, құрлықтық біріншіліктің ширек финалына шығуға бір қадам қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстанның ерлер құрамасы үстел теннисінен Азия чемпионатының ширек финалына шығуға жақын
Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Қазақстандық теннисшілер келесі кездесуде Ирак құрамасымен ойнайды. Бұл матчта жеңіске жетсе, ұлттық құрама ширек финалға жолдама алады.

Қазақстанның ерлер командасы сапында Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев, Санжар Жұбанов, Айдос Кенжигулов және Искендер Харки өнер көрсетіп жүр.

Бұған дейін топтық кезеңде қазақстандықтар Филиппинді 3:0, Шри-Ланканы 3:1 есебімен жеңіп, өз тобында бірінші орын алған болатын.

Қазақстанның әйелдер құрамасы да плей-офф кезеңінің алғашқы раундынан өтіп, Моңғолияны 3:0 есебімен ұтты. Алайда келесі кездесуде Малайзиядан 1:3 есебімен жеңіліп, ширек финалға шығу мүмкіндігінен айырылды.

Әйелдер құрамасы сапында Зауреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова, Жанерке Қошқұмбаева, Альбина Жақсылықова және Ангелина Романовская өнер көрсетті.

Осыған дейін Қазақстанның үстел теннисінен екі қола медаль жеңіп алғанын жаздық.