Қазақстанның фармацевтика нарығына бірқатар елдің компаниялары тартылып жатыр

Еліміздегі дәрі-дәрмек нарығының басым бөлігі импорт есебінен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Kazinform. 

Қазақстанның фармацевтика нарығына бірқатар елдің компаниялары тартылып жатыр
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша 2022 жылы фармацевтика саласының өндірісі ақшалай баламада 162,6 млрд теңге болды. Биылғы 9 айда өндіріс көлемі 79,4 млрд теңгеге жетті. ҚР Қаржы министрлігінің деректері қарағанда, 2022 жылы экспорт көлемі 32,2 млн АҚШ долларын, импорт көлемі 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. 2023 жылдың 8 айында фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 9,3 млн АҚШ долларын, ал импорт 1,1 млрд АҚШ доллары шамасында болды», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Атап айтқанда, фармацевтикалық нарық 2022 жылы 922 млрд теңге (2 млрд АҚШ) болған. Оның ішінде 2022 жылы жергілікті фармацевтикалық нарықта отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық заттардың үлесі 20%, импорттық өнімнің үлесі 80% деңгейде болды.

«Жалпы динамика фармацевтикалық өнім шығару төмендегенін көрсетті. Бұл жағдай эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына және вакциналар өндірісінің төмендеуіне қатысты. Қазір технологиялар трансферті мен жаңа жобаларды қамтамасыз ету үшін қажет инвестицияларды тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Оған қол жеткізу үшін сондай-ақ шетелдік компаниялардың қатысуымен инновациялық препараттардың өндірісін елімізде құру бойынша бірқатар жобаларды іске асыру бағытында министрлік екі бағыт бойынша жұмыс атқарып жатыр. Осы орайда нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру мен BIGPHARMA компанияларын тарту ескерілген. Қазір BIGPHARMA фармацевтикалық компанияларымен, сондай-ақ келісімшарттық өндіріс жобалары бойынша АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия және Жапониядан келген басқа да инвесторлармен қамтылған жобалар іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде тұр. Осы жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыру елімізді инновациялық бірегей дәрілік заттар мен озық медициналық техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін тілге тиек еткен еді. Бұл ретте, Мемлекет басшысы осы көрсеткішті 2025 жылы 50 пайызға жеткізуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар