Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовтің туғанына 120 жыл
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін қазақтың опера өнерінің іргетасын қалап, әлемдік дәрежеге көтерген майталмандардың бірі Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовтің туғанына 120 жыл толды.

Ол 1905 жылы Алматы облысында туған. Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген. Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды.
Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман — Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. 1979 жылы қайтыс болған. Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендермен, медальдармен марапатталған.
Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев көзі тірісінде берген сұхбаттарының бірінде әріптесі жайлы былай деп еске алады: «Қанабек Байсейітов сахнада үлкен рольдерді сомдағанмен режиссерлік қырынан көбірек танылған жан. Өнер саңлағының сан қырлы дарындылығы, асқан ұйымдастырушылық шеберлігі Мәскеуде өткен 1936 жылғы қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігі тұсында жарқырап көрінді. Халқымыздың бұлбұлы атанған жұбайы Күләшпен бірге «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген мен Жібектің образын сомдағаны үшін еңбегі еленіп, сол жылы Қанабек Байсейітов Қазақстанның халық әртісі атағына ие болды. Қазақ өнерінің мақтанышы Қанабек Байсейітовтің есімі киноактер ретінде де кеңінен танымал. Бұған оның «Қазақфильм» студиясында түсірген «Амангелді», «Жамбыл», «Тыныштық», «Мылтықты адам», «Ботагөз», «Шабандоз», «Даладағы қайың», «Асау Ертіс жағасында» атты фильмдері айғақ. Бір бойында әншілік, актерлік, режиссерлік өнерді қоса алып жүрген Қанекең драматургия саласына да қалам тербеді. Қанекең Қуандық Шаңғытбаевпен бірлесіп, «Сәуле», «Беу, қыздар-ай» пьесаларын сахнаға қойса, «Құштар көңіл» атты кітабын жазып, көпшілікке өзі жайлы бір үзік сырды жария етті».