Қазақстанның халықаралық крипто-нарықтағы әлеуеті қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық крипто-нарықта Қазақстанның әлеуетті қандай? Көлеңкелі айналым мен шетелдік алаңдар арқылы жүргізілетін операциялар қалай бақыланады?

Осы және өзге де сауалға Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының жетекшісі Талғат Әділов жауап берді.
- Әлем бойынша көптеген юрисдикция крипто-индустрия саласын реттеуге тырысып жатыр. Біз үлкен өсімнің саудада, яғни сатып алу мен сатуда, биржалық мәмілелерде болып жатқанын көріп отырмыз,- деді Талғат Әділов комитетте өткен онлайн брифингте.
Сондай-ақ спикер айырбастау пункттерін дамыту және инвестиция тарту жоспарымен бөлісті.
- Айырбастау пункттерін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл елімізде өсім динамикасын береді деп ойлаймыз. Сонымен қатар токен активтер қарастырылып жатқандықтан, яғни белгілі бір активтер цифрлық формаға ауыстырылады. Болашақта оларды сатып алу мен сату мүмкін болады, бұл өз кезегінде инвестиция мен салық түсімінің артуына алып келеді, - деп қосты Т. Әділов.
Сол сияқты маман көлеңкелі айналым мен шетелдік алаңдар арқылы жүргізілетін операцияны бақылауда майнинг саласын реттеу тетігін түсіндірді.
- Қазір майнинг саласын реттеу майнинг-пул арқылы жүзеге асады. Бұйрық аясында мәлімет алып отырамыз. Ай сайын өндірілген көлем бойынша мәлімет түседі. Өзіміз де өндірістің дұрыстығына есеп жүргіземіз,- дейді Кірістер комитетінің өкілі.
Одан бөлек, басқарма басшысы камералдық бақылаудың тиімділігін атап өтті.
- Пулдан алынған деректер аясында камералдық бақылау жүргіздік, ол өзінің тиімділігін және нәтижелілігін көрсетті. Соның аясында хабарлама жіберіліп, бюджетке қосымша түсім қамтамасыз етілді. Бұл пулдан алынған деректің арқасында жүзеге асты. Сондай-ақ реттеу крипто-биржа мен АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) қатысушыларынан мәлімет алу арқылы жүзеге асады. CARF аясында халықаралық крипто-биржадан цифрлық активтердің айналымы бойынша деректер алуды да жоспарлап отырмыз. Бұл жоспар 2027 жылға белгіленген,- деді Т. Әділов.
Бұған дейін спикер Кірістер комитеті цифрлық майнинг нарығын қалай бақылау жүргізетіні туралы айтып берген еді.