Қазақстанның қай облысында шипажай көп
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда шипажайлар мен санаторий-курорттық ұйымдардың бірыңғай тізілімін құру жоспарланып отыр. Қазір елімізде осындай 333 мекеме жұмыс істейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санаторий-курорттық ұйымдардың ең көбі Түркістан облысында орналасқан. Мұнда 117 мекеме бар. Алматыда — 34, Алматы облысында — 22, Астана мен Ақмола облысында 20 мекеме жұмыс істейді. Шымкентте 20, Қызылорда облысында — 17, Жамбыл облысында — 16, Қарағанды облысында 13 санаторий-курорттық ұйым бар.
Серік Жұманғариннің жауабында шипажайлардың басым бөлігі жеке меншікке тиесілі екені атап өтілген. Осыған байланысты қолданыстағы есеп жүйесі олардың материалдық-техникалық базасы, нөмірлік және төсек-орын қоры, жүктемесі мен табиғи емдік ресурстарды пайдалану деңгейі туралы толық мәлімет бермейді.
Бұл мәселені шешу үшін Үкімет санаторий-курорттық ұйымдардың бірыңғай реестрін жасауды көздейтін заңнамалық түзетулер әзірледі. Қазір олар денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында қаралып жатыр.
Үкіметтің пайымдауынша, бірыңғай реестр шипажайлар туралы мәліметтерді жүйелеп, осы саланың қазіргі жағдайын неғұрлым толық бағалауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Е. Смолякова Қазақстанның курорттық әлеуетін дамыту мәселесін көтерген еді.