Құрылтай депутаты санаториялық-курорттық ұйымдарға қатысты өзгеріс енгізуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Екатерина Смолякова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның курорттық әлеуетін дамыту мәселесін көтерді.

а
Фото: санаторий «Казахстан»

— Бүгінде Қазақстанда ішкі туризм белсенді дамып келеді. Жаңа бағыттар ашылып, жолдар салынып, туристік аймақтар абаттандырылуда. Ең бастысы — қазақстандықтардың өз елімізде саяхаттауға қызығушылығы артып келеді. Бірақ жаңа туристік нүктелерді іздей отырып, бұрыннан бар үлкен мүмкіндікті ұмытпауымыз керек. Ол — Қазақстанның санаторийлік-курорттық әлеуеті. Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, еліміздің санаторийлеріне жыл сайын жарты миллионға жуық адам келеді. Қолда бар дерек бойынша елімізде 257 санаториялық-курорттық ұйым бар, олардың 70%-ы ауылдық жерде орналасқан. Бұл — өңірлерді дамыту, жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік пен ішкі туризмді күшейту үшін үлкен ресурс. Алайда Туристік саланы дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында нысандардың тек 23%-ының жабдықталуы мен сервис деңгейі жоғары, ал 41%-ы қанағаттанарлықсыз деп бағаланған, — деді Екатерина Смолякова.

Сонымен қатар ол санаторийлер туралы бірыңғай объективті статистика жоқ екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі, Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының жіктеуі синхрондалмаған. Сондықтан нысандардың нақты саны, номерлік қоры, жүктемесі, туристердің болу ұзақтығы, ішкі және шетелдік келушілер бойынша біртұтас дерек қажет.

— Мамыр айында жұмыс барысында Абай облысындағы Барлық-Арасан деген санаторийге бардым. Сонда осы әлеуетті өз көзіммен көрдім. Температурасы 42 градусқа жететін радонды минералды су көздері жердің бетіне шығып жатыр. Кезінде бұнда ғарышкерлер де оңалтудан өткен. Жетісудағы Қапал-Арасан, Текелінің әйгілі санаторийлері, Мойылды, Рахман қайнары және басқа да нысандар — Қазақстанның дайын туристік капиталы.

Алайда көптеген санаторийлеріміздің бүгінгі жағдайы, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді: инфрақұрылымы тозған, материалдық базасы ескірген. Әлемдік тәжірибеде мұндай орындар тұтас туристік орталықтарға айналған. ЮНЕСКО Еуропаның 7 еліндегі 11 тарихи курорттық қаланы Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізген, — деді депутат.

Еліміздегі санаториялық-курорттық ұйымдардың 93%-ы жеке меншікте. Көптеген нысанның сақталып, жұмыс істеп отырғаны — кәсіпкерлердің еңбегі. Бұл мәселенің шешімі — оларды бюджет есебінен жөндеу емес, бизнеске инвестиция салуға жағдай жасау.

— Осыған байланысты Үкіметке бес нақты ұсыныс енгіземіз. Біріншіден, санаториялық-курорттық ұйымдардың бірыңғай жіктемесін бекітіп, үш ведомствоның статистикасын синхрондау және бірыңғай цифрлық тізілім қалыптастыру. Екіншіден, санаторийлік емдеу мен туристік қызметтің құқықтық аражігін нақтылап, санаторийлер мен кәсіподақтардың туристік өнімді қалыптастыру және өткізу тәртібін реттеу. Үшіншіден, курорттық аумақтардың инфрақұрылымы үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жауапкершілігін нақты белгілеу. Төртіншіден, санаторийлерді жаңғыртуға инвестиция салатын кәсіпкерлер үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру және инвестициялық ынталандыру тетіктерін қарастыру, — деді Екатерина Смолякова.

Еске салсақ, былтыр Мәжіліс Ыстықкөлдегі Қазақстан меншігіндегі 4 санаторийге қатысты құжатты қабылдады.