Қазақстанның кен орындарын игеруге шетелдіктердің қатысуын шектеу керек – сарапшы

Расул Рысмамбетов
Фото: qazweek.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов қазақстандық кен орындарын игеру ісіне шетелдіктердің қатысуын 49 пайызға дейін шектеу туралы бастама көтерді. Ол тек осылай ғана мемлекет ішкі өңдеуді дамыта алатынын алға тартып отыр.

Ұсыныстың мәніне тоқталсақ, мемлекет немесе отандық инвестор белгілі бір депозиттің кемінде 51 пайызына иелік етуі керек. Сонымен қатар, бұл депозиттерді сатып алуда ең бірінші кезекте мемлекеттік немесе жергілікті инвестордың құқығы басым болуы қажет.

Расул Рысмамбетовтың айтуынша, мұндай стандарттар қазірдің өзінде Қазақстандағы бірқатар актив үшін қарастырылған. Бірақ көп жағдайда шетелдік инвестордың үлесі қомақты болып жатады. Мұндай жағдайда бар шаруа бастапқы өңдеусіз шикізатты экспорттаумен ғана шектеледі.

«Әрине, шикізат экспортының пайдасы зор, алайда оның екінші жағы да бар, біз оны қайта өңдей алмаймыз. Яғни, пайданың бәрі басқа елге кетеді. Біздің өз өнеркәсібімізді дамыта алмай отыруымыздың себебінің бірі осы», - деп түсіндірді сарапшы.

Ол егер Қазақстандағы кеніштерді игеруде шетелдік қатысуды шектеу туралы мәселе көтеріле қалса, ол қолданыстағы келісімшарттарға қатысты болмауы керек екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан өзіндік қайта өңдеуді дамытуы керек. Осы ретте, отандық кәсіпорындар жергілікті кен орындарынан алынатын шикізатпен қамтамасыз етілуі тиіс. Ол бұған дейін мұнай экспортына баж салығы салынған Ресейді мысалға келтірді. Салық жеткізу құнынан 4-5 есе көп болды. Нәтижесінде қазір Ресейде әртүрлі көлемдегі 100-ден астам мұнай өңдеу зауыттары бар. Өйткені, жергілікті бизнес шикі мұнай жеткізіліміне ұлғайтылған салықты төлеуден гөрі жанар-жағармай экспорттау тиімдірек екенін түсінді.

Расул Рысмамбетов шетелдік қатысуға шектеулер енгізілсе, бұл бірінші кезекте шетелдік бизнес өкілдерінің наразылығын тудырады деп есептейді.

– Халық инвестициялық ахуалды жоғалтып жатырмыз деуі мүмкін. Алайда біз қайта өңдеу үшін өз шикізатымызға өзіміз иелік етуіміз керек. Қазақстандық инвестициялық ахуал тек жер қойнауын пайдалануға қолайлы. Көптеген басқа салаларда бұл «аңыз» десек те болады. Тікелей шетелдік инвестицияның 80%-ға жуығы мұнай-газ және металлургия салаларына бағытталуы бекер емес. Ал жергілікті бизнес қашанда екінші орында тұрады немесе өзінің шағын немесе орта кәсіпорнын ірі бизнеске айнадыруға қауқарсыз болып қалады», - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда мүлде игерілмейтін немесе аз мөлшердегі инвестициямен игеріліп жатқан кен орындары бар. Мұндай кеніштердің иелері өздерінің үлесін мемлекетке оп-оңай сата алады. Қазақстанда шикізат өндіргісі келетіндер өте көп, олар шетелдіктердің қатысуын шектеген күннің өзінде азаймайды. Өйткені, 49% өз инвестициясын өтеуге жеткілікті.

Бұған дейін ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов 2024 жылы Қазақстанда 80 іздеу және барлау ұңғымаларын бұрғылау жоспарланғанын айтқан болатын. Ол мұнай өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуін ескере отырып Қызылорда облысының кен орындарында 2024 жылы мұнай және газдың перспективалық құрылымдарын ашу мақсатында Торғай палеозой аймағында тереңдігі 5,5 мың метр болатын терең барлау ұңғымасын бұрғылау басталатынын жеткізді. Сондай-ақ 2024 жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Абай теңіз құрылымында барлау ұңғымасы бұрғыланады.

«Бүгінде 2023 жылы геологиялық барлауға салынған инвестицияның көлемі 152,4 млрд теңгені құрады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық (2022 жылы 135,7 млрд теңге). Жалпы, геологиялық барлауға салынатын инвестиция жыл сайын 200 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде», – деді Асхат Хасенов.

Соңғы жаңалықтар