Қазақстанның күй қорына Алтай, Тарбағатай және Іле қазақтарының 160 туындысы қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің күй қоры шетелдегі қазақтар арасында сақталған қомақты қазынамен толықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Астанада еліміздің әр түкпірінен жиналған 18 күйші бас қосты. Олардың бәрі – шетелден көшіп келген қандастар. Алтай, Тарбағатай және Іле аймақтары – күй өнері мектебі негізіндегі 160 тан астам күйді Қазақ радиосы алтын қорына жазып алса, «Абай» телеарнасы күй өнерін насихаттауға арналған «Қос алқа» бағдарламасы жобаның үш бөлімін осы үш өңірге арнады.
– «Абай» телеарнасы қолға алған жаңа жоба – «Қос алқа» бағдарламасы халқымыздың күй қазынасын насихаттап, болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Сонымен бірге жас таланттарды, орындаушыларды елге таныстырамыз. Жобада күй мамандары сарапшы бола отырып, күйдің тарихы, болмысы, орындау шеберлігі, сонымен бірге күйдің зерттелуі жайында пікірлерімен бөліседі. Әр шығарылым қазақтың әр күй мектебіне арналады. Біз бұған дейін Батыс күйшілік мектебін, Жетісу күйшілік мектебін, Арқа күйшілік мектебін түсірдік. Жобаның 3 бөлімін Алтай, Тарбағатай және Іле күй мектептеріне арнап отырмыз, - дейді «Абай» телеарнасының продюсер-редакторы Гауһар Төлекбай.

Көп жылдан бері қазақ халқының мұрасын, ұлттық өнерді насихаттап келе жатқан күйші, «Құрмет» орденінің иегері Сәрсенғали Жүзбай Қазақ радиосының алтын қоры таптырмас құнды мұрамен толыққанын айтты.
– Біз білмейтін, сіз білмейтін күйлердің үлгілерін осы жолы жазып алдық. Өнері атадан балаға жалғасқан дәулескер күйшілер жиналыпты. Жастардан бастап, жасы 80-нен асқан қариялар бар, Алды 30-дан астам күй тартса, жастардың өзі 5-6 күйден шертіп берді. Осылайша қазақтың күй қорын қомақты қазынамен толықтырды. Бұл кісілердің шертісінде үлкен дәстүр жатыр. Олардың қай-қайсысы да кейінгі ұрпаққа үлгі болатын күйшілер. Барлығының қасына шәкірт қосып тәрбиелесе, осы күйшілік дәстүр кейінге жалғанар еді. Бұл шараның тағы бір тарихи маңызы – екі ғасырдың куәсі болған Долда Кенешұлы секілді қазыналы қарттарымыз білген-түйгенін келіп, біздің алтын қорымызға қалдырып жатыр. Әсіресе күйлердің тарихына, нұсқаларына қатысты біз білмейтін көптеген деректі жақсы білетіні байқалды, - дейді күйші.

Іс-шараны ұйымдастырып, күйшілердің басын қосқан Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы "Сарыарқа" халық музыка ансамблінің сыбызғышы, композитор, ҚР мәдениет саласының үздігі Шығыс Махан бұл жобаның алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.
– Күйшілік атадан балаға қонады ғой. Дәл солай жеті атасынан күй шерткен әулеттерден келді. Шетелдегі қазақтар арасында сақталған күйлерді жүйелеп, қара шаңырақтағы үлкен арнаға қосу бұрыннан ойда жүрген іс еді. Абай телеарнасы мен қазақ радиосының жобалары аясында сәтті жүзеге асып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – арғы беттегі күйлерді сол жерде туып-өскен адамдардан арнайы жазып алу болды. Күйшілердің келіп-кетуіне жағдай жасап, қолдау білдірген «НұрАрқа» ЖШС басшысы Нұрдаулет Нұбаракұлына, «Құт медия» компаниясына алғыс білдіреміз. Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын табады, - дейді Шығыс Мақанұлы.

Еске сала кетейік, Қытайдағы қазақтар арасында кең тараған «Қайран әке» күйінің авторы өмірден өткенін жазған едік.