Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймаларында 26 млрд текше метрден астам су жиналды
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналғанын мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық.
Министр Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылғы су тасқыны кезеңінде лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық мақсатта 12,8 млрд текше метр еріген қар суы жіберілген.
– Су ресурстарын басқаруда ашықтықты арттыру және жедел бақылауды күшейту мақсатында Жерді қашықтан зондтау негізіндегі ғарыштық мониторинг жүйесі енгізіліп жатыр. Түркістан облысында келісімшартсыз су алудың 39 фактісі анықталып, шамамен 790 мың текше метр судың заңсыз пайдаланылғаны белгілі болды, – деді Нұржан Нұржігітов.
Министрлік мәліметінше, Қызылорда облысына 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысына 3,8 млрд текше метр, Алматы облысына 2,1 млрд текше метр су пайдалану лимиті бекітілген.
Вегетациялық кезеңге дайындық аясында 1840 шақырым ирригациялық канал тазартылып, 680 шақырым суару желісі реконструкцияланған. Сондай-ақ 375 гидротехникалық нысан жөнделген.
Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК филиалдары 181 насос агрегатын дайындап, қосымша 92 насос сатып алуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Су ресурстары және ирригация министрлігі Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-ботын іске қосқан болатын. Жоба су беру саласындағы заңбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға бағытталған.