Қазақстанның орман арифметикасы: Қанша ағаш отырғызылып, қаншасы оталады

АСТАНА. KAZINFORM – Қағаз жүзіне қараса, елімізде орман алқабы ұлғайып келеді. Алайда, олардың қаншасы шарпыған қызыл жалын салдарынан өртеніп, қаншасы оталып жатыр? Орман шаруашылығы мәселесіне келгенде «дебет кредитпен» сәйкес келе ме? Kazinform агенттігінің тілшісі осы мәселенің мән-жайын анықтап көруге тырысты.

Коллаж лес
Фото: Freepik/Canva

Қазақстанның орман қоры

Еліміздің орманына қатысты сөз қозғалған кезде статистика қызықты «кульбитті» көрсетеді. Ал оны тереңірек зерттей түссеңіз, «матрешка» әсерін көз алдыңызға алып келеді. Цифрдан цифр туындап, нәтижесінде орман қоры мен орман сөздері синоним болмай шығады.

Дұрысырақ түсіндірейік. Қазақстанның орман қоры 31,4 миллион гектарды қамтиды. Бұл - ел аумағының 11,5 пайызы. Мұндай деректі Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында келтіреді. Дегенмен, осы орман қорының жалпы көлемінің тек 13,9 миллион гектарын ғана орман алқабы жауып жатыр. Бұл - жалпы аумақтың небәрі 44,3 пайызы ғана. Демек, орман қорының жартысынан көбі түптеп келгенде орман емес.

– Мемлекеттік орман қорының басым бөлігі – 74,5 пайызы (23,3 млн гектар) облыс әкімдіктерінің қарамағында, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарамағында – 24,8 пайыз (7,8 млн га), ал қалған 0,7 пайызы (0,3 млн га) басқа ведомстволарға тиесілі, – деп мәлім етті министрліктен.

Соңғы 10 жылдағы ресми статистика оң динамиканы көрсетіп отыр: Қазақстанның мемлекеттік орман қоры жаңа жерлердің қосылуы мен қолданыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кеңеюі есебінен 29,3 млн гектардан 31,3 млн гектарға дейін, яғни 7 пайызға артқан. Орманмен жабылған аумақ 1,27 миллион гектарға өскен.

Как восстанавливают лес в Карагандинской области
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

2021 жылдан бері Қазақстанда ауқымды бастама – Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы жүзеге асырылып келеді. Экология министрлігінің деректеріне сәйкес, осы бастама аясында 2021 жылдан 2024 жылға дейін 736,9 мың гектар жерге ағаш отырғызылған. Ал 2025 жылы 142,5 мың гектарға ағаш отырғызу жоспарланған. Жалпы алғанда, бес жыл ішінде шамамен 880 мың гектар жерге жаңадан ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілмек. Бірақ, мұның қаншасы шын мәнінде толыққанды орманға айналды?

- Жыл сайын мемлекеттік орман қоры аумағында шамамен 40 мың гектар жас өскін орманмен жабылған аумаққа айналады, - деп атап өтеді ведомстводан.

Бұл көрсеткіш табыстың нақты өлшемі де: мәселе қанша көшет отырғызылғанында емес, олардың нешесі «орманмен жабылған аумақ» мәртебесіне жетіп, яғни жерсініп, өсіп-өнгенінде, экожүйе қалыптастырғанында болып тұр.

Қалғаны – әлі өсіп-жетілуі керек жас көшеттер. Оларды құрғақшылықтан, өрттен, зиянкестерден және адам әрекетінен қорғау қажет.

Айта кету керек, бұған дейін кейбір әкімдіктер отырғызылған көшеттердің саны туралы жалған ақпарат бергені тіркелген.

орман өрті
Фото: ТЖМ

6 мың орман өрті

Бір жерде жас орман көшеттері отырғызылып жатса, енді бірінде ескі орман алқаптары өрт құшағына оранып жатыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанда 6 мыңнан астам орман өрті тіркеліп, 800 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Оның ішінде 250 мың гектары орманды алқап болған.

- Оның ішінде жоғарғы өртпен (орман толығымен жойылған) қамтылғаны – 95 мың гектар, ал төменгі өртпен (орман жойылмаған) қамтылғаны – 155 мың гектар орман. 10 жыл ішіндегі келтірілген залал шамамен 190 млрд теңгені құрады, – деп атап өтті Экология министрлігі.

Бұл цифрлардың әрқайсысы – экожүйенің қаншалықты осал екенін көрсететін дабыл. Бұл - жай ғана өртенген ағаштар емес, флора мен фаунаның жоғалуы, топырақтың тозуы және көміртек шығарындыларының артуы. Екі жыл бұрынғы «Семей орманы» резерваты аумағында ғана болған бір ғана өрттің өзінде 60 мың гектардан астам орман жанып кетті. Тергеу нәтижесінде анықталғандай, өрт сөндіру техникасы нормативтерге сай болмаған, ал ерте әрекет ету жүйесі мүлдем жұмыс істемеген.

Ағаштардың ұшар басына дейін қызыл жалын шарпыған орманның жағдайы не болады деген заңды сауал туындайды. Өрт ағашты шарпыған кезде сыртқы қабығы жанады. Ал мұндай орман қайта қалпына келе ала ма?

– Ағаштардың жоғарғы өрт түрі мен қарқындылығына байланысты зақымдануын бағалау мақсатында орман қоры аумағындағы өрттердің келтірген залалын есептеу, анықтау және өтеу ережелеріне сәйкес (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 18-02/42 бұйрығымен бекітілген), ағаштардың кейінгі толық немесе ішінара қурауы бағаланады, – деп атап өтеді министрлік.

Осыдан кейін ғылыми ұйымдарды тарта отырып, орман патологиялық тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижесінде санитарлық немесе өзге де кесу түрлері, сондай-ақ қорғаныш шаралары – химиялық өңдеуден бастап биологиялық тәсілдерге дейін – қолдану туралы шешім қабылданады.

- Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, қылқан жапырақты ормандар жоғарғы өрттен кейін өздігінен қалпына келмейді, – деп атап өткен Экология министрлігі өрттен кейін кесу жүргізілген жерлерде табиғи қалпына келу белгілері тіркелгенін жоққа шығармайды.

Горелый лес
Фото: ТЖМ

Орман оталады, жаңқалар ұшады 

Ресми деректерге қарағанда, елімізде орман ағаштарын заңсыз кесу фактілерінің саны төмендеп келеді. Ұсынылған есеп көңілге сенім ұялатады.

– Соңғы жылдары орманды заңсыз кесу фактілерінің азаюы байқалады. Аумақты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар тарапынан ағаштарды заңсыз кесуге жол бермеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, мемлекеттік орман күзеті халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, әңгімелесу мен дәрістер өткізіп келеді, – деді ведомстводан.

Бұған қоса, министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, орман қорын заңсыз кесу фактілерін анықтау үшін тұрақты түрде ғарыштық мониторинг жүргізілетінін атап өтеді.

Шындығында да, Қазақстанда орман қорғау саласындағы заңнама күшейтілді. Айыппұл көлемі бірнеше есе артты, санкциялар қатаңдатылды, нормалар нақтыланды.

– Орман ағаштарын заңсыз кесу фактілерін азайту мақсатында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (381-1, 386 және 505-баптар) өзгерістер енгізілді. Ол заңсыз ағаш кесу, жою немесе ағаштар мен бұталарды зақымдау үшін салынатын айыппұлды бес есе арттыруды көздейді. Бұл айыппұлдар құқық бұзушылық тіркелген жерге (елді мекен, орман қоры, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) және құқық бұзушының санатына (жеке тұлға, кәсіпкерлік субъектісі, лауазымды тұлға) байланысты есептеледі, – деп түсіндіреді министрлік.

Салыстыру үшін бірнеше дерек келтірсек: егер 2015 жылы 650 заңсыз ағаш кесу фактісі (19,4 мың текше метр) тіркелсе, 2024 жылы – 180 факті (8,6 мың текше метр), ал 2025 жылдың 27 маусымындағы жағдай бойынша – 86 факті (2,6 мың текше метр) болған.

Көлемі қысқарып келеді. Дегенмен, заңды түрде кесілетін өрттен зардап шеккен ағаштардың көлемі - жүздеген мың текше метр.

Экология министрлігінің деректеріне сәйкес, тек 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта мемлекеттік орман қоры аумағында 1,6 миллион текше метр өрттен зақымданған ағаш кесілген. Бұл – өте көп. Егер бір жаңа үлгідегі орман таситын вагонның жүк сыйымдылығы 158 текше метр деп есептесек, онда бұл - кемінде 10 мыңнан астам теміржол вагонына тең көлемдегі ағаш.

Tabigat.gov.kz сайтынан орман кесу жұмыстарының интерактивті картасымен танысуға болады. Картада ағаш кесу нүктелері түрлі түстермен белгіленген:

Карта выруби лесов
Фото: tabigat.gov.kz
  • Қызыл – заңсыз кесу
  • Сары – инспектор тексеріп жатыр немесе мәлімет жоқ
  • Көк – рұқсат етілген кесу.

Бірақ, орман үшін оны браконьер ме, әлде орман билеті бар заңды ағаш кесуші ме, кім отағаны бәрібір. Өйткені, ағаш қалай десек те құлайды.

2023 жылғы ірі орман өртінен кейін «Семей орманы» резерватын тілсіз жаудан қорғау бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Бұл сауалға Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов жауап берді

Соңғы жаңалықтар