Қазақстанның ШЫҰ бюджетіндегі үлесі қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы бюджетіндегі жарна мөлшерін бекітті. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Қоса беріліп отырған 2017 жылғы 1 желтоқсандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманың (бұдан әрі — Хаттама) жобасы мақұлдансын», — делінген Президент Жарлығында.
Сонымен, аталған құжатқа сәйкес, «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарналарының мөлшерлері мынадай:
Беларусь Республикасы — 5,8%
Үндістан Республикасы — 5,9%
Иран Ислам Республикасы — 5,8%
Қазақстан Республикасы — 15,2%
Қытай Халық Республикасы — 17,6%
Қырғыз Республикасы — 7,6%
Пәкістан Ислам Республикасы — 5,9%
Ресей Федерациясы — 17,6%
Тәжікстан Республикасы — 6%
Өзбекстан Республикасы — 12,6%».
Жарлықта Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке Хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілгендігі айтылған.
Аталған Хаттама 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы олардың төртінші жазбаша хабарламасын депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Бұған дейін Олжас Бектенов Пәкістан Ислам Республикасының астанасында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары кеңесінің 23-ші отырысына қатысқанын хабарлаған едік.