Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы табысты болды – өзбекстандық сарапшы

Мурат Бахадиров
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) жаһандық тұрақтылық пен жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыра алатын беделді орталыққа айналуына мүмкіндік алды. Осы жолда Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ете отырып атқарған істері табысты әрі жемісті болды. Мұндай пікірді белгілі өзбекстандық сарапшы, Әлемдік экономика және дипломатия университетінің кафедра доценті Мурат Бахадиров білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Мурат Бахадировтің пайымына сай, ШЫҰ-ның қазіргі қызметі әлемдік тәртіптің жаңа моделін құруға бағытталған. Саяси дағдарыс, бәсекелестік пен түрлі қауіптердің артуы инвестициялық байланыстың үзілуіне әкеледі, бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндіреді. Бұл орайда, ШЫҰ – барлық саладағы жаһандық өткір түйткілдерді шешу үшін тараптармен сындарлы диалог жүргізіп, тиімді қарым-қатынас құруға зор ықпал ететін алаң.

«Бүгінгі тұрақсыз әлемде жаңа ережелерді ұсынатын халықаралық институттар сұранысқа ие бола бастады. Бұл ретте ШЫҰ жаһандық тұрақтылық пен жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыра алатын беделді орталыққа айналуына мүмкіндік алды. Оның көптеген халықаралық диалог алаңдарынан айырмашылығы – ШЫҰ көпжақты бірлестік, яғни қарама-қайшылыққа емес, интеграция мен ынтымақтастыққа негізделген формат. Бұған дейін ШЫҰ-ның қызметі Орталық Азия өңіріндегі мәселелерге негізделсе, қазір ол Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және тұрақтылықты сақтауға бағытталған», - деп тоқталды сарапшы.

Ұйымның құрамы кейінгі 23 жыл ішінде 4 есе кеңейе түсті. Мәселен, 2001 жылы 6 елдің басын қосқан бірлестікте бүгінде 9 мүше, 3 бақылаушы және 14 диалог бойынша серіктес ел бар. 2017 жылы Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға толық мүше атанса, 2023 жылы оған Иран қосылды. Ал биыл Астанада өтетін саммит барысында Беларусьті қабылдау жоспарланып отыр.

«Шет мемлекеттер ұйымға бірнеше фактор бойынша қызығушылық танытады. Біріншіден, оның қызметі халықаралық құқықтық нормалар мен өзара сыйластық, қақтығыстан ада болу және қауіпсіздік қағидаттарына негізделген. Екіншіден, ШЫҰ блок емес, ол нақты қандай да бір тарапқа қолдау немесе қарсылық ретінде қолданылмайды. Ұйым ашықтық принципін ұстанады және «Шанхай рухы» қағидатын мойындайтын кез келген ел оның толық мүшесі атана алады. Үшіншіден, ШЫҰ позицияны үйлестіруге, халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша ортақ механизмдерді әзірлеуге жәрдемдеседі. Төртіншіден, ШЫҰ халықаралық ұйымдар арасында БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын мүлтіксіз сақтайды, тиісінше қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу позициясын ұстанады», - деп пікір қосты Мурат Бахадиров.

Әр жылы мүше мемлекеттер ШЫҰ-ға төрағалық етіп, оның аясындағы ынтымақтастықты дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Былтырдан бастап ұйымға Қазақстан жетекшілік етті. Еліміз төрағалық еткен уақытта атқарылған істердің қорытындысы биыл шілдеде Астанада өтетін мемлекет басшыларының кеңесінде шығарылады.

«Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде көптеген маңызды іс-шара өткізілді. Олардың ішінде «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын ерекше атап өтуге болады. Ол ортақ мұрат пен құндылықтарды ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз. Бұл жоба ШЫҰ-ға қатысушы елдердің бірегейлігін көрсетеді, өйткені ұйым аясындағы мемлекеттердің тарихы бай, мәдени мұрасы да аз емес», - деді сарапшы.

Мурат Бахадиров жаһандық экология мәселесінің өте өзекті екенін ескере отырып, Қазақстанның бастамасымен 2024 жылды ШЫҰ-ның Экология жылы деп жариялауы маңызды қадам екенін атап өтті. Бұл бағыттағы істерді ілгерілету мақсатында биыл Астанада ШЫҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттер жастарының кездесуі өтіп, онда таза келешек құру мәселелері талқыланды.

«Сонымен қатар, Қазақстанның бастамасымен маусым айында Астана қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің 4-ші кеңесінде қабылданған «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясы» әзірленді. Ал 2-3 сәуірде Қазақстан астанасында Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары бас қосты. Кездесу барысында терроризм, экстремизм мен сепаратизмге, есірткіге және ұйымдасқан трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күрес бойынша ынтымақтастық мәселелері қаралды. Оның қорытындысы бойынша әрекет ету механизмдері әзірленді», - деп ұйым аясындағы іс-шараларды еске салды Мурат Бахадиров.

Мәлім болғандай, Астанада өтетін саммитте бірқатар маңызды құжатты қабылдау жоспарланып отыр. Мәселен, президенттер Астана декларациясы мен ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» тұжырымдамасына қол қоймақ.

«Менің ойымша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы табысты әрі жемісті болды. Ол ұйымның дамуына айрықша үлес қосты, алдағы уақытта да ШЫҰ-ны неғұрлым тиімді және көпжақты алаңға айналдыру жолында күш жұмсайды деп сенеміз», - деді сарапшы.

Бұған қоса саясаттанушы жоспарланып отырған Беларусьтің ұйымға қосылу бастамасына қатысты пікір білдірді.

«Беларусь Республикасы ШЫҰ-ның дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл ел ұзақ уақыт бойы ұйымның қызметіне қатысып келеді. Мәселен, 2010 жылдан бастап диалог бойынша серіктес, 2015 жылдан бері бақылаушы мәртебесінде. 2022 жылы Самарқанд саммитінде Беларусьтің ұйымға мүше болу рәсімін бастау туралы шешімге қол қойылды. Минск ШЫҰ қызметінің барлық негізгі бағыттарына белсенді қатысады, атап айтқанда өнеркәсіптік және технологиялық кооперация, цифрлық трансформация арқылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты ынталандыру, ортақ көлік кеңістігін дамытуға баса назар аударады», - деп есептейді сарапшы.

Жыл сайын ұйымның беделі артып келеді. Мурат Бахадиров атап өткендей, президенттердің кеңесі барысында қабылданған шешімдерді орындауды жүйелі жолға қойып, ынтымақтастықты арттыра түссе, ШЫҰ көп ел мен халықаралық диалог алаңдары санасатын бірлестікке айналмақ.

 

Соңғы жаңалықтар