Қазақстанның сыртқы резерві 100 млрд долларға жақындады
Сыртқы істер министрінің орынбасары Нәзира Нұрбаева Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің бизнес форумында ұйымға мүше елдерді Қазақстанның логистикалық жобаларына белсенді атсалысуға үндеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Геосаясаттағы күрделі ландшафтқа қарамастан, біздің мемлекет экономиканың барлық бағыты бойынша даму үрдісін көрсетіп келеді. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 220 млрд доллардан асты. Ал шетелден рекордтық көрсеткіште – 28 млрд доллар тікелей инвестиция тарттық. Еліміздің сыртқы тауар айналымы да рекордтық көрсеткішке жетіп, 136 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорттың үлесі – 84 млрд доллар. Ал экономикалық тұрақтылығымыздың негізі – сыртқы резервтеріміз 100 млрд долларға жақындады», - деді министрдің орынбасары.
Нәзира Нұрбаева Қазақстан инвестиция тарту бағытында Орталық Азиядағы көшбасшы болып қала беруге ниетті екенін атап өтті.
«Қазақстанның қолында 1 млрд адамнан асатын тұтынушысы бар нарықтың кілті бар. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің де, Орталық Азияның да, Қытайдың да нарығы бар. Жаңа геосаяси ахуал Орта дәлізді Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтудағы рөлін маңызды ете түсуде. Бұл – Орталық Азия мен Шығыс Азиядан жүк тасымалдаудағы ең қысқа әрі анағұрлым орнықты маршрут. Былтыр Орта дәліз арқылы ЕАЭО елдеріне жөнелтілген жүк ағыны екі есе артып, 2,7 млн тоннаға жетті. Шығыс пен батыс арасындағы сауда-саттықтың өсімін қолдай түсу үшін АӨСШК-дағы серіктестерімізбен бірлесіп әрекет етуге, Орта дәлізді Трансеуропа көлік желісімен жалғауға дайынбыз», - деді вице-министр.