Қазақстанның солтүстігін газдандыру мәселесі қалай шешіліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Елдің солтүстігін газдандыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бұл — тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, экологиялық жағынан да тиімді болмақ.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда бұл мәселені шешудің екі негізгі жолы қарастырылып отыр — отандық газ ресурстары мен Ресейден газ импорттау.
Соның бірі — «Сарыарқа» жобасы. Бұл магистральды газ құбырының 2 және 3 кезеңдері Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды көздейді.
Алайда бұл кезеңдерді жүзеге асыру «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистральды газ құбырының қуатын арттыруға тікелей байланысты.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, «QazaqGaz» ҰК» АҚ 2026 жылдың соңына дейін қатарлық инвестормен бірлесіп, «Бейнеу — Бозой -Шымкент» газ құбырының желілік бөлігінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр.
Яғни, «Сарыарқа» жобасының Петропавлға дейін келуі бұл жұмыстардың табысты жүзеге асуына тәуелді.
— Сондай-ақ, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесі бойынша келіссөз Ресеймен де белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Қазақстан мен Ресей арасында 10 млрд текше метр көлемінде газ жеткізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл бағытта келіссөздер аяқталған жоқ. Қазіргі таңда газдың бағасы мен жеткізу шарттары келісіліп жатыр. Құбыр тарту жұмыстары тараптар арасындағы келісімдер толық бекітілген соң ғана басталмақ. Қазақстандық тарап дайын, тек Ресейдің нақты жауабын күтіп отыр, — делінген ведомство ақпаратында.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, ел халқының 62,4% немесе 12,6 млн адам табиғи газға қол жеткізген. Биыл да өңірлерді газдандыру жұмыстары жалғасады. Республикалық бюджеттен 65,9 млрд теңге бөлініп, 45 жоба жүзеге асырылмақ.
Бұл жобалар аясында еліміздің 13 өңіріндегі бірқатар елді мекенге табиғи газ жеткізу жоспарланған. Мәселен, Ақмола облысында — 1, Атырауда — 1, Жамбылда — 17, Жетісуда — 21 елді мекен қамтылады. Нәтижесінде осы жылы 7 облыста 36 мыңнан астам адам газ желісіне қосылады.
Республикалық бюджеттен бөлек «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты да осы мақсатқа бағытталмақ. Бұл жобалардың нәтижесінде қосымша 218 мың адам табиғи газға қол жеткізетін болады.
Осылайша пайдаланушылар саны 12,8 млн адамға жетпек. Энергетика министрлігі газдандыру деңгейін 2030 жылға қарай 65 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов елдің солтүстігін газдандыру үшін «Сарыарқа» құбырының 2,3-кезеңдері салынатынын айтқан еді.