Қазақстанның сұрауы бойынша Аргентинада Андрей Хазбулатов ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ІІМ Интерпол Ұлттық бюросының сұрауы бойынша Аргентина аумағында Андрей Хазбулатов ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

ұсталды
Фото: freepik.com

«Ақшаны заңсыз иемденгені үшін іздеуде жүрген күдікті Аргентинада болғаны анықталды. Сондықтан осы елдің аумағында Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық бюросының сұрауы бойынша Андрей Хазбулатов ұсталды», - делінген ҚР ІІМ мәліметінде.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі былтыр жазда халықаралық іздеуге жариялаған болатын.

Ол 196 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деп күдікке ілінді.

Андрей Хазбулатов – философия докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі мәдени саясаты тұжырымдамасы мен «Кинематография туралы» заңы авторларының бірі.

Айта кеткен жөн, 1993 жылы ІІМ-нің құрылымында Интерполдың Ұлттық орталық бюросы құрылды. 

Соңғы жаңалықтар