Қазақстанның су ресурстарын басқаруда үлкен әлеуеті бар — FAO басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның су ресурстарын басқаруда үлкен әлеуеті бар. Бұл туралы Астана халықаралық форумында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюй айтты. 

Қазақстанның су ресурстарын басқаруда үлкен әлеуеті бар — FAO басшысы
Фото: Ақорда

— 45 жылдық жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, Қазақстанның жете бағаланбайтындығын айтқым келеді. Жалпы, әлемнің екі түрлі картасы бар. Біріншісі — Еуропаға орталықтандырылған. Өйткені, Италия, Еуропа үшін Қазақстан, тіпті Қытайдың өзі кішкентай мемлекет саналады. Мұнан бөлек латынамерикалық карта бар. Онда да жер шарындағы біздің бөлік ескерілмейді. Ал Қазақстанда млн шаршы шақырым аумақ бар. Қазақстан заманауи технологиялар мен саясаттың арқасында үлкен жетістіктерге жете алады. Егер біз жеткілікті инвестиция, инновациямен қамтамасыз ете отырып бірлесе жұмыс істесек үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Тіпті, су ресурстарын басқаруда да үлкен әлеуеті бар, — деді ол.

Сонымен қатар Цюй Дунъюй FAO-ның қолдауын қажет ететін мүше мемлекеттерге ұйым үнемі көмек көрсетуге тырысатындығын айтты.

— 2019 жылы ұйымда алғашқы реформаларды жүргізе бастадық және барлық қолдау шарасының тиімділігін арттыруға баса назар аудардық. Біз әрбір доллар нақты бір әсер бергенін қалаймыз. Америка, Қытай, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Италия, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан сынды барлық 20 мүше жан-жақты қолдау көрсетіп, белсенді жұмыс істеп жатыр, — деді FAO басшысы.

Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.  Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған.

Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар