Қазақстанның тағы бір футбол клубы саудаға шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы «Тұран» футбол клубын электронды саудаға шығарды.
Сауда туралы ақпарат e-Qazyna веб-порталында жарияланған. Лот сипаттамасына сәйкес, «Тұран» кәсіби футбол клубы» мемлекеттік мекемесінде 14 қызметкер жұмыс істейді. Баланстық құны — 535 мың теңге.
Саудаға қатысу үшін 158 мың теңге көлемінде кепілдік жарна енгізу қажет. Электронды сауда-саттық биылғы 3 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 09:55–те басталады.
Нысанның бастапқы бағасы — 1 054 000 теңге. Қойылып отырған шартқа сәйкес, сатып алушы 10 жыл ішінде:
— клубтың қызмет бағытын сақтауға;
— штат санын қысқартпауға;
— инвестиция салуға;
— жасөспірімдер футбол академиясын құрып, футболды дамытуға;
— әйелдер футбол командасын дайындауға;
— материалдық-техникалық базаны қамтамасыз етуге, соның ішінде соңғы жергілікті ірі стадиондармен келісімшарттарды бекітуге;
— 2027 жылдан бастап тұрақты түрде Қазақстан Премьер-лигасына қатысуға;
— спорт саласында кемінде 5 жылдық тәжірибесінің болуы;
— клубты сенімгерлік басқаруға бермеуге және иеліктен шығармауға міндеттенеді.
Бұған дейін Түркістан облысында «Тұран» футбол клубын жекешелендіру бойынша бірқатар инвестормен келіссөз жүріп жатқанын жазған едік.
Аружан Жәнәділ