Қазақстанның тәліптерге қатысты саясаты біз үшін жаңалық болған жоқ - АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі

Вашингтондағы Каспий саясаты орталығының кеңсесінде өткен дөңгелек үстел барысында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм соңғы жылдардағы АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Дэниел Розенблюм,  АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Америкалық дипломат Қазақстан мен Орталық Азияның географиялық жағдайы оларды автоматты түрде АҚШ-тың сыртқы саясаттағы назар аударатын объектісіне айналдыратынын атап өтті.

Тұрақтылық пен егемендік АҚШ-тың Қазақстандағы басты стратегиялық мақсаты және оған қол жеткізу үшін жұмсалатын күш-жігердің төрт негізгі бағыты бар:

Біріншіден, АҚШ аймақ елдерімен бірге халықаралық деңгейде белгілі бір саясатты қорғай алатын саяси және дипломатиялық салада ортақ мүдделерді табуға тырысады. Бұл үшін ең жақсы механизм - C5+1 платформасы. Орталық Азия елдерінің бір-бірімен интеграциялануы және ынтымақтаса отырып, топтасып әрекет етуі негізгі қағида саналады.

Екіншісі – қауіпсіздік пен шекараны қорғау, лаңкестікпен күрес, трансұлттық қауіптерді жою және Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға көмек көрсетуге қатысты.

Үшінші бағыт – экономикалық бағыт. Ол сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуді және үлкен экономикалық табысқа жету үшін техникалық көмек көрсетуді қамтиды.

Төртінші – адам құқығы. Бұл мәселеге АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасында көп көңіл бөлінеді, өйткені дұрыс басқарусыз және адам құқықтарын сақтамай ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылық пен егемендік болмайды.

- Біз осы төрт бағыт бойынша әртүрлі қарқынмен, әртүрлі салаларда біршама нәтижеге қол жеткіздік, ал тұтастай алғанда Қазақстанмен айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді, - деді Елші Д.Розенблюм.

Америка елшісіне қойылған сұрақтардың бірі Батыстың санкцияларына қатысты болды. Атап айтқанда, америкалық аудитория Қазақстанның Батыс санкцияларын сақтай отырып, Ресеймен толық экономикалық ынтымақтастыққа ұмтылу әрекеті бір-бірімен үйлеседі ме ? деген сұраққа қызығушылық танытты.

Д.Розенблюм санкциялар енгізілген 2022 жылдан бері Қазақстан оларды қатаң сақтағанын атап өтті. АҚШ пен Қазақстан санкцияланған тауарлардың қайта экспортын болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге көп күш салды.

Ол Қазақстанның Ресеймен санкцияларды бұзбай, экономикалық қарым-қатынасын нығайтып жатқан басқа да көптеген салалар бар екенін атап өтті.

Тағы бір қызық мәселе Астананың тәліптерді тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару шешімі Вашингтонмен қарым-қатынасқа қалай әсер ететіні болды. Елші бұл Ақ үй үшін күтпеген жағдай емес екенін атап өтті. Өйткені АҚШ Ауғанстан мәселесі бойынша Орталық Азияның барлық елдерімен үнемі кеңесіп отырады.

- Бұл біздің екіжақты қарым-қатынасымызға түбегейлі әсер етеді деп ойламаймын, өйткені негізгі қағидаттар әлі де ортақ болып қала береді, - деді Д.Розенблюм.

Елші сондай-ақ Транскаспий сауда дәлізі немесе «Орта дәліз» Қазақстан мен АҚШ үкіметтері үшін экономикалық басымдық болып қала беретінін атап өтті.

- Орта дәлізді дамытудың негізгі мақсаты – тауар қозғалысының жылдамдығын арттыру және шығындарды азайту, бұл аймақ елдерінен ынтымақтасуды және тауар тасымалдаудың стандарттары мен рәсімдерін үйлестіруді талап етеді, - деді Д. Розенблюм.

Соңғы жаңалықтар