Қазақстанның ЖИ-дегі тәжірибесі өңірде сұранысқа ие болады — Әзербайжан сарапшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы бекіткен орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу туралы жарлық елдің білім беру саясатын дамытудың жаңа кезеңін ашып, посткеңестік кеңістік үшін үлгі бола алады. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің тілшісіне Әзербайжанның «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде білдірді.
Оның айтуынша, мәселе қарқынды технологиялық дамуға байланысты оқыту мен кадр даярлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту туралы болып отыр.
— Бұл революциялық шешім, себебі білім беру тәсілдері түбегейлі өзгеріп жатыр. Алғаш рет білім беру жүйесіне, әсіресе посткеңестік кеңістікте, жасанды интеллект технологиясы енгізіліп отыр, — деді Ильгар Велизаде.
Сарапшының айтуынша, Цифрлық Қазақстан тұжырымдамасы аясында білім беру стратегиялық маңызға ие, ал ЖИ адам капиталын даярлаудың заманауи моделін қалыптастыруда негізгі рөл атқарады.
Сонымен қатар ол мұндай ауқымды өзгерістердің белгілі бір қиындықтармен қатар жүретінін де атап өтті.
— Кез келген жаңашылдық тәуекелдермен байланысты. Кез келген алғашқы қадам жасаушы белгісіздікпен бетпе-бет келеді. Бүгінде Қазақстан посткеңестік елдер үшін осындай алғашқы қадам жасаушы ретінде көрініп отыр, — деді саясаттанушы.
Сонымен қатар ол өз сөзінде, жобаның сәтті жүзеге асуы өңірдегі басқа мемлекеттерге, соның ішінде Орталық Азия елдері мен түркі әлеміне үлгі бола алады.
— Қазақстанның тәжірибесі барлық посткеңестік елдер үшін, әсіресе Әзербайжан үшін де маңызды. Бұл эксперименттің сәттілігі басқа мемлекеттерде де осындай тәжірибелерді іске асыруға жол ашады, — деді Велизаде.
Сарапшы сондай-ақ Қазақстан тәжірибесін кеңейту елдің өңірде инновациялық идеялар мен заманауи білім беру шешімдерін қалыптастыратын орталықтардың бірі ретінде позициясын күшейтуі мүмкін екенін атап өтті.
Айта кетейік, елімізде 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылып, жаңа басым бағыттар енгізіледі.