Қазақстанның 48 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағындағы 48 сайлау учаскесінде кезектен тыс Президент сайлауы таңғы алтыдан басталып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек, 2019 жылдың 31 мамырында өткен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің өзге кестесін айқындау мәселесі қаралған еді.

Отырыс барысында аумақтық сайлау комиссиялары кейбір сайлау учаскелерінде дауыс беру уақытын таңғы сағат 06.00-ден бастап белгілеу туралы заңнамаға сәйкес қабылданған шешімдер туралы баяндаған. Осыған сәйкес, 48 сайлау учаскесі жергілікті уақытпен таңғы 7-де емес, 06.00-де ашылды.

Әскер бөлiмдерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында құрылған сайлау учаскелерінде егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылады.

Соңғы жаңалықтар