Қазақстанның 77 үздік кеншісі марапатталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Геологтар күні кәсіби мерекесіне орай өткен жиын барысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев саланың үздік мамандарын марапаттады. Атап айтқанда, кеншілер «Қазақстан Республикасының құрметті кен барлаушысы», «Қазақстан Республикасының кен барлау ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасында кен орындарын алғаш ашушы» аталымдары бойынша марапаттарға ие болды.
None
None

«Бүгінгі таңда біздің алдымызда геология саласын одан әрі дамыта түсу секілді ауқымды міндеттер тұр. Осыған байланысты, мен бүгін еліміздің барлық геологтары бас қосып отырғанын ескере келе, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тағы да назар аударғым келеді. Бүгінгі күні 2015-2019 жылдарға арналған Геологиялық барлау жұмыстары бағдарламасы қолға алынып жатқаны баршаңызға белгілі. Аталған бағдарламаны бюджет есебінен қаржыландыру 120 миллиард теңгені құраса, жеке сектор мен ұлттық компаниялар есебінен қосымша 900 миллиард теңге тартылмақ. Осының өзі геологиялық барлау саласының ұлттық экономикамызбен етене байланысты екенін аңғартады», - деп атап өтті министр құттықтау барысында.

Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шара барысында ведомство басшысы саланың үздік қызметкерлеріне арнайы марапаттауларды табыс етті. Атап айтқанда, 77 геолог «Қазақстан Республикасының құрметті кен барлаушысы», «Қазақстан Республикасының кен барлау ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасында кен орындарын алғаш ашушы» аталымдары бойынша марапатталды. 182 кеншіге алғыс хаттар, грамоталар мен басқа да наградалар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетсек, 2011 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясы бекітілген болатын. Соған орай, Қазақстан геологтарының кәсіби мерекесі сәуір айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін болып белгіленген.

Соңғы жаңалықтар