Қазақстанның әлеуметтік әріптестігінің үш тарапты өкілдері Халықаралық еңбек ұйымымен Лайықты еңбек жөніндегі үшжылдық бағдарламаға қол қойды

АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін, маусымның 15-інде Женева қаласында Қазақстанның әлеуметтік әріптестігінің үш тарапты өкілдері Халықаралық еңбек ұйымымен Лайықты еңбек жөніндегі үшжылдық бағдарламаға қол қойды.
None
None

Атап айтқанда Бағдарламаға ҚР Үкіметі тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіхалықова, Халықаралық еңбек ұйымы тарапынан С. Хоффманн және Жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың республикалық бірлестік тарапынан өз өкілдері қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған бағдарлама осының алдындағы әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс әсерін есепке ала отырып жүзеге асырылған әлеуметтік-еңбек қатынастары аясындағы ынтымақтастық бағдарламасының жалғасы болып табылады. Бұрынғы бағдарлама Мыңжылдықтар даму мақсаттары мен БҰҰ даму мақсатындағы көмектер көрсету жөніндегі Негізгі бағдарламалар ережелерін басшылыққа алатын.

Бағдарлама 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының даму Стратегиясында айқындалған ұлттық басымдықтарға, сондай-ақ 2024 жылға дейінгі Қазақстанның орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы, 2010-2014 жылдарға арналған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Стратегиялық жоспары секілді орта мерзімді және ұзақмерзімді үкіметтік стратегияларға негізделеді. Ынтымақтастықтың басым бағыттары негізінде ХЕҰ жұмыс орындары туралы Жаһандық пактісінің қағидаттарын ұстануға назар аударылады.

«Қаржылық-экономикалық дағдарыстың әсері Қазақстанда еңбекпен қамту мен еңбек нарығын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру қажеттігін айқындап берді. Осы бағытта Үкімет екінші жыл қатарынан «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асырып келеді, бұның нәтижесі еңбекпен қамтуға айтарлықтай әсер етіп, өндірістің құлдырауы мен жаппай жұмыстан босатудың алдын алды. 2010 жылы «Жол картасын» жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 143,4 млрд. теңге бөлінген. Бұның аясындағы 300 жобаны жүзеге асыру, 127,6 мың жұмыс орнын құру көзделеді. Бүгінгі күні әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру үшін әлеуметтік әріптестік жүйесін жетілдірудің маңызы зор болып отыр. Бұның дәлелі ретінде, өткен жылы желтоқсан айының басында Алматы қаласында Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Түркия елдерінің министрлерімен қол қойылған экономикалық дағдарыстың салдарымен күреске бағдарланған Декларацияны айтуға болады. Ал ХЕҰ-мен сындарлы ынтымақтастық және Бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Республикасының үшжақты әріптестігі нәтижелерге қол жеткізуді және әлеуметтік-еңбек қатынастары саласында оң өзгерістерді қамтамасыз етеді», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар