Қазақстанның әр облысында мықты университеттер құрылуы мүмкін (ФОТО)

Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бүгін Астанада еліміздің 10 үздік магистрантына Н.Назарбаев атындағы стипендияларды табыс ету рәсімі барысында мәлім етті.
«Қазір біз «Білім беруді дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жасаудамыз. Оған қатты кіріскен жайымыз бар. Мемлекет үшін келесі кезеңде әр аймақта жақсы жоғары оқу орны болғаны жақсы болар еді. Бұл сол өңірдің даму қазығына айналады. Тәжірибе бар, АҚШ-та тұтас штаттың дамуына ықпал жасап отырған университеттер жеткілікті. Онда зерттеулер, жаңа технологиялар дамып қана қоймай, жаңа идеяларға толы кадрлар жасақталып шығады. Кейін олар оқу бітіргеннен соң сол штаттың дамуына үлес қосты. Мысалы 1800-ші жылдары АҚШ-та Лэндгранд университетіне тегін жер берілді. Бұл жердің ақысына олар сол өңірде білім ордасын құрулары тиіс болған. Соның арқасында аталған өңірде қарқынды даму байқалды. Біз осындай межеге талпынуымыз керек», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, әр өңірдің индустриалдық басымдықтарын ескеру қажет.
«Бізге де әр облысымызда жақсы бір жоғары оқу орны ашылғаны қажет. Павлодар, Өскемен, Астана, Ақтау сияқты ірі қалаларда мықты университеттер құрылса, ол аймақтарда өмір қайнайды. Меніңше, біздің ел үшін ол келесі кезең деп есептеймін. Осыған орай, біз Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 10 университеті жобасын бастамақпыз. Бұл АҚШ-тағы тәжірибенің прототипі болады. Біз жетекші университеттердің тек Астана мен Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де болғанын, сол облыстың өз ерекшеліктеріне сай мықты ЖОО-ның құрылғанын қалаймыз», - деді А.Сәрінжіпов.