Қазақстанның әрбір азаматы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын есінен шығармауы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонау замандағы қасіретті күндерді жадымыздан шығармай, әр уақыт есте ұстау үшін бұл атаулы күнді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 1997 жылы арнайы Жарлығымен бекіткен болатын. Содан бері 31 мамыр күні Қазақстан халқы кеңестік заманның құйтұрқы саясаты салдарынан опат болған боздақтарын жыл сайын еске алып, тағзым етіп келеді. Демек, бұл күн тарихты мәңгі жадыда ұстап, келер ұрпаққа халқымыздың басынан өткен нәубет жылдарын есте қалдыру үшін айрықша мәнге ие десек те болады. Оны өткен жылы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған шараларға қатысушыларға үндеу арнаған Елбасымыз да баса айтқаны есте.
None
None

«Қазақстанда 31 мамырда менің 1997 жылғы Жарлығыммен бекітілген Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып келе жатқанына 17 жыл болды. Біздің барша халқымыз үшін бұл күн ерекше тарихи мәнге ие. ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Қазақ халқының көрнекті перзенттері - Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин және басқа да көптеген саңлақтарымыз қуғын-сүргін құрбандары болды. Қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге жер аударылған 1,5 миллион неміс, поляк, корей, чешен, түрік, грек және басқа да халықтар өкілдері көтерді. Зұлмат заманға қарамастан, барынан айырылған жандар біздің жерімізден жаңа баспана тауып, жан жылуына, түсіністік пен қамқорлыққа ие болды», - делінген еді Елбасымыздың үндеуінде.

Сонымен, алдымен қазақтың бетке ұстар азаматтарын баудай түсірген саяси қуғын-сүргінге тоқталар болса, ол Қазан төңкерісінен бастап, 1953 жылға дейін бірнеше мәрте жүргізілген болатын. Коммунистік режімнің алғашқы сүргіні 1918-1922 жылдары аралығында жүргізілсе, екінші саяси қуығын-сүргін 1920-1922 жылдарды аралығында орын алды. Ал 1953 жылға дейін жалғасқан соңғы репресиия 1937-1938 жылдары аралығында барынша қарқынды жүргізілген еді.

Тарихи деректерге қарағанда, 1921-1953 жылдары аралығында Кеңес халқының 5,5 млн. азаматы қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 642 980-і атуға кесілген. 2 369 220 адам кемі 5 жыл немесе 25 жылға лагерьге айдалды, түрмеге қамалса, қалғаны ұзақ мерзімге жер аударылған. Айта кетерлігі, саяси сүрең жылдары тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылған, ал түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. Қазақстанда Карлаг, Степлаг, Алжир деген атаумен арнайы лагерлер құрылған. Жалпы, 1937-1938 жылдары аралығында Қазақстаннан 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың 25 мыңы ату жазасына кесілді.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Қазақстанда сол жазықсыз жапа шеккендер үшін әділеттік салтанат құруы жолында зор жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азамат ақталды. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде ондаған ескерткіш белгілер орнатылды. Бұрынғы ГУЛАГ лагерьлерінің орындарында мемориалдық кешендер жұмыс істейді. Қарлаг орнынан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайы ашылды

1920 жылдың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шеккені тарихтан белгілі. Дегенмен, сол бір қасіретті жылдардағы қаза тапқан қазақтардың санына қатысты түрлі деректер бар. Мәселен, халық жазушысы, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл ашаршылық жылдары 3 млн. 200-700 мыңға дейінгі аралықта қазақ қырылғанын айтады. «Өткен ғасырдың әр мұрағаттан төбе көрсетіп қалатын деректеріне жүгінсек, ашаршылық алдымен Батыс Қазақстанды шарпыған. 1922 жылы Орынборда - 437776, Қостанайда - 252816, Ақтөбеде - 359326, Оралда - 277835, Бөкейде - 100 мың, Адай уезінде - 75 мың адам аштан бұратылды. Батыс Қазақстандағы халықтың 31,4 пайызы қырылды. Егер осы өлкедегі бес губернияда сол тұста 2 млн. 653300 адам болса, оның 800 мыңға жуығы көз жұмған. Мүрделер өзен бойында, ауыл араларында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жан түршігетін құбыжық көрініс еді», - дейді депутат А. Смайыл.

Ал белгілі жазушы Смағұл Елубай 1918-1922 жылдары ашаршылықтан 1 миллион 700 мыңдай, ал 1932-1933 жылдары 2 миллион 300 мыңға тарта адамның ажал құшқанын айтады.

Жалпы, Кеңес Одағы аумағында 1932-1933-жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі екендігі анық. Ал сол кезде Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмады. Оның ішінде қазақ халқы жасанды зауалдан ең қатты зардап шекті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатымен қолдан жасалды.

Соңғы жаңалықтар